Шетелде тұратын қазақстандық блогерлер мен жұлдыздар

Жарияланды 22 Шілде 2025 08:10

Торғын Қабен

Торғын Қабен

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандық танымал жұлдыздар, блогерлер мен инфлюенсерлердің арасында кәсіби білігін шыңдау үшін, болмаса жаңаша шабыт алу үшін шетелге көшіп кеткендер аз емес. Кейбірі тұрақтап қалуға бекінсе, енді бірі уақытша ғана қоныс аударғанын айтады. Десе де, басым бөлігі маман ретінде шыңдалу үшін басқа елде тұрып жатыр. Kursiv.Media тілшісі отандық жұлдыздардың ішінде шетелде кімдер тұратынын тізбектеп көрді.

Айнұр Тұрсынбаева

Танымал айтыскер ақын, бірнеше кәсіптің басы-қасында жүрген блогер Айнұр Тұрсынбаева осыдан бірнеше жыл бұрын Түркияға қоныс аударды. Ақынның Ыстанбұлдағы үйі қазақтардың Түркиядағы шаңырағына айналған. Олай дейтініміз, көрші елге барған жұлдыздардың көбі Тұрсынбаеваның үйінен ет жемей кетпейді.

Бұл туралы ол: «Сенбі, жексенбі күндері бұл жерге Ыстанбұлдағы қазақтардың барлығы жиналады. Бассейнге түседі, кәуап пісіріп демалады. Сол себепті көп адамға арнап алдық. Мен кезінде жоқшылықты көп көрдім. Осындай мейірімге қатты мұқтаж болдым. Астанаға алғаш барған кезде салқындықтан шаршаған кездерім болды. Елордада тұрғанда желіден Астанаға келе жатқан адамды көре қалсам, үйге шақыратынмын. Үйде қонақ болмаса, мазамыз қашып, ұрыс болып кетеді» деген еді бір сұхбатында.

Айнұр Түркияда жүруінің себептері бар екенін, қаңғып кетпегенін айтып жүреді. Ол Түркияға өзі сатып алған үйінде тұрады. Зәулім үйдің бағасын көпшілік білгісі келгенімен, ақын бұл ақпаратты ашып айтпайды. Қазақстанға өте жиі келеді. Мысалы өткенде ғана Сәкен Майғазиев келін түсіргенде тойға келіп, құтты болсын айтып кетті. 

Расул Абдулла

Кәсіби контент-криейтор, медиа-продюсер, Forbes 30 under 30 тізіміндегі инфлюенсер Расул Абдулла қазір Біріккен Араб Әмірліктерінде, атап айтқанда, Дубайда тұрады. Жалпы саны 200 миллионнан астам оқырман жинаған жобаларға продюсерлік еткен. Қазіргі таңда ол жарнамамен, подкаст жазумен, компанияларға маркетиңге қатысты кеңес берумен айналысады.

Айгүл Иманбаева

Танымал актриса, әнші Айгүл Иманбаева бүгінгі таңда Америкада тұрады. Ол былтыр көктемде «Болашақ» бағдарламасымен Лондонда оқып келген еді.

Бір сұхбатында Айгүл: «Лондонға кетерде достарыма «Қазақстанға күйеуіммен оралам» деген едім. Ол кезде бірақ жігітім болмаған. Бірақ іштей бір сенгенім болған ғой. Мақсатым тұрмысқа шығу болмады. Ағылшыным да мықты емес, сабақ қиын, бәрі ағылшынша. Оқуға ден қоюым керек болды. Баспен кіріп кеттім. Сөйтіп жүргенде жолдасыммен таныстым. Өзімнің құрдасым, 1977 жылғы. Ажырасқан, Алматының найманы. Найманға келін болдым. 10 жылдан астам уақыттан бері Америкада тұрады. IT-саласында істейді. Мамандығы — филолог. Ол ҚазҰУ-дың филфагын бітірген, мен — журфагын. Лондонда қызы оқиды. Ортақ достарымыз арқылы таныстық. Көрген беттен ойымдағы адам екенін түсіндім», —деген еді. Жұп некесін Америкада қиған.

Айгүл де Қазақстанға жиі келіп тұрады. Жақында ғана немересінің бір жас тойын дүркіретіп өткізді.

Бибісара Шәріпова

Жас модель Бибісара Шәріпова қазір АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тұрады. Модельдік бизнестегі жолы 13 жасынан басталған. Степногорск қаласының тумасы. Top Model Asia жобасының финалына шыққан Бибісараны Америкаға жұмысқа шақырған еді. Одан бөлек, ол Милан, Париж, Токио подиумдарында дефиле көрсеткен. ELLE, Vogue және Harper’s Bazaar сынды сән журналдарына жиі шығып тұрады.

Портфолиосынан Uniqlo, Salvatore Ferragamo, Puma және Schwarzkopf брендтерімен серіктесіп істеген жұмыстарын көруге болады. Оған қоса, Холливудтың танымал актрисасы Скарлетт Йохансенмен бірге The Outset брендінің жарнамасына түсті. 

Қорлан Мәди

Қорлан — Алматының тумасы. Қазір Еуропада, Италияның Милан қаласында тұрып жатыр. Bold Management агенттігінде модель болып істейді. Trussardi, Marni, Cavalli, Fendi, Bvlgai, Guerlain, Revlon сияқты танымал брендтермен серіктес.

Модель әлемнің ең мықты университеттерінің бірі саналатын Луис Гуидо Карло университетін тәмамдаған. Оған қоса, Қорлан актриса ретінде де көрініп жүр. Алек Болдуин түскен «Андрон. Қара лабиринт», Итан Хоук түскен «Нөлдер мен бірліктер» деген кинокартиналарда түскен. 

Аяжан Сәрсенбаева

Қарағанды облысындағы шағын ғана қалада дүниеге келген блогер қазіргі таңда Біріккен Араб Әмірліктерінде тұрады. Дубайға бастапқыда жарты жылдай ғана тұрып көрмекші болғанымен, кейіннен ұзағырақ қалуға шешім қабылдаған. Ол блогында саяхат, күтім, стиль туралы көп жазады. Оған қоса Дубайдағы өмірі жайлы лайф-блог жүргізеді.

Баян Бокишева (@bayana_b)

Баянның кәсіби жолы өте ерекше. Портфолиосы да мықты. Мысалы ол — Dolce & Gabbana брендінің жабық көрсетілімінде дефиле көрсеткен тұңғыш қазақстандық модель. Одан бөлек, ресейлік дизайнер Ульяна Сергеенконың коллекциясында басты модель болған. Alexander Wang және Saint Laurent брендтерінің жарнама кампанияларына түскен.

Sorelle-дің шағын фильмінде басты рөлді сомдады. Оған қоса, Баянды танымал әнші Элджейдің Aqua әнінің бейнебаянынан көрдік. Ол — қазақ-түрік лицейінің түлегі. Қытайда дипломатикалық академия бойынша жоғары білім алған. Маусымның аяғында Баян тұрмысқа шықты.  

Димаш Әділет

Блогер, бизнесмен, инвестор Димаш Әділетті көпшілік «мыңдаған қыздың арманы» деп атайды. Сүрбойдақтардың тізімінен жиі көреміз. Тіпті бірнеше жыл бұрын танымал «Холостяк» шоуына қатысты. Қаржы және психология бойынша білім алған инфлюенсер қазір Еуропада тұрады. Қазақстандағы ірі бизнесмендердің отбасында дүниеге келген. Балалық шағы Швейцарияға өткен. Сондықтан шаңғы тебуді және жүзуді мықты меңгерген. Оған қоса, бокспен айналысады. Спортпен шұғылданғанының арқасында сымбатын сақтаған десек болады.

Димаш Әділет сән әлеміне де қатты қызығады. Жеке блогына люкс брендтердің киімдерін, бұйымдарын көрсетіп түскен сурет-видеосы аз емес. Көп саяхаттайтындықтан, оның қай жерде тұрақты тұратынын шатасуға болады. Әйтсе де, инста-парақшасына қазіргі таңда Женевада тұратынын жазып қойған. Бір ай бұрын Алматыдан сурет салған. 

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін қазақстандық блогерлердің ішінде кімдер пластикалық операция жасатқаны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз