2026 жылдан бастап ескі және жаңа көліктерге қанша салық салынады

18 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың басынан күшіне енетін жаңартылған Салық кодексіне қол қойды. Жаңа құжатта автокөлік иелеріне де қатысты бірқатар өзгерістер қарастырылған. Енді ескі көліктер үшін салық мөлшері төмендейді.
Енді 10 жылдан 20 жылға дейінгі автокөліктерге салық мөлшері 0,7 коэффициентімен есептеледі, бұл дегеніміз 30%-ға азаяды. Ал 20 жылдан асқан көліктерге салық екі есе төмендетіледі (коэффициент — 0,5).
Бұл жаңашылдық Қазақстандағы төрт миллионнан астам көлікке әсер етеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылғы 1 шілдеде елде 10-20 жыл аралығындағы 1,5 млн-нан астам және 20 жылдан асқан 2,8 млн-ға жуық көлік тіркелген.
Айта кетейік, қазақстандықтар жаңа мөлшерлеме бойынша алғашқы төлемдерін 2027 жылы, яғни 2026 жылдың салығы үшін төлейтін болады.
Сонымен қатар жаңа Салық кодексіне сәйкес, құны 75 млн теңгеден асатын қымбат көліктерді сатып алу кезінде автокөлік бағасының 10%-ын құрайтын акциз салығы енгізіледі.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше елде 2024 жылдың көлік салығын төлемеген 1 миллионнан астам азамат бар. Олардың жалпы қарызы — 32,8 млрд теңге. Ал 2,7 млн-нан астамы керсінше, салықты уақытылы төлеп бюджетке 80,1 млрд теңге түсірген.