Қандай пәтерлерді сатып алмаған жөн

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Пәтер таңдағанда нені ескеру керек / Фото: kursiv.media архиві

Мамандар пәтер сатып аларда неге мән беру керегін ескертіп, қазақстандықтарға кеңес берді. Krisha.kz сарапшылары пәтер сатып алу кезіндегі тәуекелдерді де түсіндіріп берді.

Құжаттардағы сәйкессіздік

Тұрғын үй нарығында құжаттарда қателер бар пәтерлер кездеседі. Мұндай қателерді кейде заңгерсіз де байқауға болады.  Мұндай жағдайда жылжымайтын мүлікке қатысты барлық құжаттарды, иесінің жеке куәлігін (тек түпнұсқаларын), сондай-ақ мүлікке қатысты құқықтар мен ауыртпалықтар жөніндегі анықтаманы мұқият тексеріңіз, мәліметтерді салыстырыңыз.

Егер бір әріп не сан сәйкес келмесе  құжат жарамсыз. Мұндай жағдайда нотариус мәміле жасай алмайды. Сонымен қатар құжаттарда ешқандай түзету болмауы керек.

Сенімхат арқылы сату

Егер пәтерді меншік иесі емес, сенімхат бойынша өкіл сататын болса бұл қауіпті. Сенімхат жалған, мерзімі өткен немесе кері қайтарылған болуы мүмкін (иесі кез келген уақытта сенімхатты қайтарып ала алады). Мұндай жағдайда пәтерден айырылып қалу қаупі жоғары.

Мәміле жасасқанда меншік иесінің өзі қатыссын деп талап етіңіз. Егер бұл мүмкін болмаса, иесімен тікелей байланысып, сенімхаттың жарамды екенін және мәмілеге келісетінін видеоға түсіріп алыңыз.  Сондай-ақ, құжаттарды заңгерге тексертіңіз.

Қайта жоспарланған пәтер

Пәтерді қарау барысында техникалық төлқұжаттағы жоспармен салыстырыңыз. Егер есік басқа жерде болса, балкон қосылып кетсе немесе қабырға алынып тасталса — бұл заңсыз қайта жоспарлау.

Мұндай пәтерді ипотекамен сатып алу да, кейін сату да мүмкін емес. Сонымен қатар жауапкершілік жаңа иеге жүктеледі: заңсыз қайта жоспарлау анықталса — айыппұл салынады.

Салынып жатқан тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер

Бастапқы нарықтағы басты қауіп — сенімсіз құрылыс компанияларына тап болу. Ондай компаналар әдетте құрылысқа рұқсат алмастан, пәтер сатады. Мұндай үйлерді бұзып тастауы немесе иесіз қалдыруы мүмкін. Екі ортада үлескер опық жеп қалады.

Егер құрылыс компаниясы үлестік қатысу шартының (ҮҚШ) орнына брондау шарты, алдын ала келісім сияқты құжаттар ұсынса — бұл күмән тудырады. Бұл олардың құжаттарында мәселе бар екенін білдіреді.

Мүлде қауіпсіз нұсқа — пәтерді тек үлестік қатысу шартымен сатып алу.

Ақша салмас бұрын:

  • Тұрғын үй порталынан құрылыс компаниясының үлескерлерден қаржы тартуға рұқсаты бар-жоғын тексеріңіз;
  • Сәулет  бөлімінен тұрғын үй кешенінің заңды салынған-салынбағанын біліңіз;
  • Құрылыс компаниясының барлық құжаттарын тексеріңіз.

Техникалық қабаттағы пәтерлер

Мансард немесе жертөле қабаттардағы пәтерлер шын мәнінде пәтер емес, техникалық немесе қызметтік орын-жайлар (қойма, шаруашылық бөлмелер) болуы мүмкін.

Мұны тіпті фотосуреттен-ақ тануға болады, мәселен, стандартты емес терезелер немесе мүлдем болмауы, төбеде құбырлардың болуы сияқты детальдардан аңғаруға болады.

Құжатта бұл техникалық ғимарат ретінде көрсетілсе — мәміледен бас тартқаныңыз жөн. Заң бойынша мұндай орын-жай — тұрғындардың ортақ мүлкі, оны сот арқылы тартып алуы мүмкін.

Жиі қайта сатылған пәтер

Егер пәтер аз уақыт ішінде бірнеше рет сатылып, әртүрлі адамдардың атына аударылса абай болыңыз. Бұл пәтердің айналасында заңды қиындықтар, қарыздар немесе сот даулары болуы мүмкін.

Кейде борышкерлер қарыздан қашу үшін осындай әдіс қолданады. Бірақ кредитор сотқа жүгініп, мәмілені жарамсыз деп тануы мүмкін. Бұл жағдайда пәтерге тыйым салынады.Нәтижесінде сатып алушы зардап шегеді.

Мұрагерлік жолмен алынған пәтер

Егер пәтер мұраға қалған болса, сақтық қажет. Себебі мәміледен кейін жаңа мұрагерлер пайда болып, пәтерге тыйым салынып, сот істері басталуы мүмкін.

Не істеу керек?

Біріншіден, нотариуске жүгініңіз — ол e-notary бірыңғай базасы арқылы мұрагерлік істерді тексере алады.

Екіншіден, «Сот кабинеті» сайтына кіріп, сатушының аты-жөнін енгізіңіз. Онда оның қатысуымен болған сот істері және олардың нәтижесі көрсетіледі.

Үшіншіден, мұрагерліктің қанша уақыт бұрын рәсімделгенін қараңыз: уақыт қанша ұзақ өтсе, жаңа мұрагерлердің пайда болу ықтималдығы соғұрлым азаяды.

Күдік тудыратын сатушы

Егер сатушы жасы үлкен адам болса, мәміле оның еркінен тыс жасалған болуы мүмкін деген қауіп бар.

Мәміле алдында психикалық денсаулығы орталығынан анықтама сұрау  сақтанудың тиімді жолы.

Сондай-ақ келесі жағдайлар болса, мәміледен бас тартқаныңыз жөн:

  • сатушы тек құжаттардың көшірмесін көрсетіп, түпнұсқаларын беруден бас тартса;
  • ауыртпалықтар туралы онлайн-анықтама алудан жалтарса;
  • сатып алу-сату шартында шын мәніндегі бағаны емес, төменірек соманы көрсетуді сұраса.

Еске салсақ осыған дейін, мамандардың пәтерді қалай жылдам сатуға болатыны жайлы жазған едік. Мамандар тез сатудың 7 түрлі жолын көрсеткен болатын.

Сондай-ақ оқыңыз