Шардарадағы жағажай ретке келтірілді

Түркістан облысы Шардара ауданында орналасқан Шардара су қоймасының жағалауында орналасқан демалыс аймағында санитарлық нормалар сақталып, қауіпсіздік шаралары ретке келтірілді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұдан бұрын әлеуметтік желіде Шардара су қоймасының жағалауында орналасқан демалыс аймағында тазалық талаптары сақталмай, қоқыс шашылып жатқаны туралы бейнематериал жарияланған еді. Артынан демалушылар мен кәсіпкерлерге әкімшілік айыппұл салынған. Олар әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Ұсақ бұзақылық» бабымен жауапқа тартылған болатын.
Араға апта салып жағажай ретке келтірілгені жөнінде ресми ақпарат тарады.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, жағажайда осыған дейін анықталған кемшіліктер жойылған, демалушыларға қолайлы жағдай жасалған. Бұған көз жеткізу үшін араға апта салып облыс әкімі Нұралхан Көшеров қайта жағажайға барған.
«Мониторинг жұмыстары тұрақты жүргізіліп, полиция қызметкерлері тарапынан қауіпсіздік талаптары қатаң қадағалануда. Тексеру барысында 409 сәкінің 171-і талапқа сай болмағандықтан алынып тасталды. Қалған 238 сәкі су жағасынан 50 метрге жылжытылды. Бүгінде мұнда 6 биоәжетхана, 160 қоқыс жәшігі, және 10 киінуге арналған кабина орнатылды. Тазалық жұмыстарына 11 техника, 80 жұмысшы жұмылдырылған», – делінген әкімдік хабарламасында.
Сонымен бірге полиция жағажайда 2 жүзге жуық құқықбұзушылықты анықтаған. 36 әкімшілік хаттама толтырып, айыппұл салған. 1 демалыс орнын тексеріп, ісін сотқа жолдаған.
Қазіргі уақытта жағажай аумағына 16 құтқарушы жұмыс істеп, қалқымалы қауіпсіздік белгілері орнатылған.
Ресми мәлімет бойынша, Шардара су қоймасының көлемі 5,2 млрд. текше метр. Ал ұзындығы 80 шақырымға жетеді. Айта кетейік, өткен аптада өзін демалуға келгенін айтып видео түсіріп таратқан.