Жәбірленуші соттан Перизат Қайратқа ең ауыр жаза тағайындауды сұрады

Перизат Қайрат ісіндегі жәбірленушілердің бірі – «Стройконструкция» АҚ» өкілі сотталушыларға ең ауыр жаза тағайындауды сұрады. Бұл туралы сот жарыссөзінде айтты.
«Прокурорлардың уәжін толық тыңдап, іс материалдарымен танысқан соң, айтарым, Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты барлық факті дәлелденді. Барлық мән-жай анықталды. Сондықтан сізден қатаң шара қолдануыңызды сұраймыз. Бұл істе 47 жәбірленуші зардап шекті, оның ішінде біз, «Стройконструкция» АҚ да бармыз. Біз өз азаматтық талабымызды толық қолдаймыз және айыпталушылардан 200 миллион теңге өндіріп алуды, сонымен қатар ең ауыр жаза тағайындауды сұраймыз», – деді жәбірленуші өкілі.
Тағы бір жәбірленуші – Назарбаев зияткерлік мектебінің ата-аналары. Олар қайырымдылық қорына 901 мың теңге аударған.
«Өзімнің азаматтық талабымды қанағаттандыруды сұраймын. Бұл жерде халықтың сеніміне нұқсан келді, Қазақстанның абыройына зиян тиді. Біздің талап арыз сомасы көп емес – 901 мың теңге. Бірақ бұл – Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының ата-аналары мен балаларының ақшасы. Мен балалар әділдік бар екенін, әрбір іс-әрекет үшін жауапкершілік болатынын білсін деймін», – деді мектеп өкілі.
Ал жәбірленуші Садық Олжас Палестина халқына көмек көрсету мақсатында қаражат жинағанын айтты.
«Біз 80 миллион теңге жинадық. Перизат Қайраттың тәжірибесіне және уәделеріне сеніп, бұл көмек шынымен мұқтаж жандарға жетеді деп үміттендім. Онымен бірге Абу-Дабиге бардым. Азамат ретінде айтарым, мәселе ақшада емес, бұл жерде қоғамның сенімінің бұзылды. Бұл моральдық қылмыс. Ол өзінің заңды бағасын алуы тиіс деп санаймын. Перизат Қайратты жазалауды сұраймын.
Ал Ғайни Алашбаеваға келер болсам, ол кісіге жаным ашиды. Денсаулығында кінәрат бар екенін білемін. Ол кісінің үйқамақта қалуын дұрыс деп есептеймін», – деді Садық Олжас.
Айта кетейік, 16 шілдедегі сот отырысына елордадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ата-аналар комитетінің төрайымы Сәуле Қуандықова қатысты.
Ал «Стройконструкция» АҚ «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық қорының есепшотына 2024 жылдың 10 мамырында 200 млн теңге аударған.