Ұлттық банк декреттегі әйелден 17 млн теңге өндіріп алғалы жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Нацбанк, декрет, суд
Ұлттық банк декреттегі әйелмен соттасып жатыр/коллаж: kursiv.media

Ұлттық банк декреттік демалыстағы әйелден 17 миллион теңге өндіріп алғысы келеді. Азаматтық істі 2025 жылдың 22 шілдесінде апелляциялық сот алқасы қарады. Ұлттық банк жауапкер Ақмарал Төкен магистратурада оқу туралы келісімшарт бойынша өз міндеттемелерін орындамаған деп есептейді. Ал Төкеннің қорғаушылары банктың өзі келісімшартты орындауға жағдай жасамағанын алға тартып отыр.

Ұлттық банк ұстанымы

Бірінші сатыдағы сот Ақмарал Төкеннен 17 млн теңге өндіру туралы шешім шығарған.

«Жеке тұлғаларды біз оқытып, оқуының екі жылдық ақшасын төлейміз. Стипендия береміз. Стипендиясы адамның жалақысы секілді 700 мың теңгеден асады. Ол екі жыл бойы төленді. Оқу шартының талабы бойынша магистрант егер бізде ваканттық орын болған жағдайда, біз жұмысқа алған жағдайда, 3 жыл жұмыс істеуге міндетті. Егер сол үш жыл жұмыс істемесе, ол біз төлеген қаржыны қайтаруға міндетті», – деді талапкер өкілі.

Жауапкер Ақмарал Төкен шын мәнінде стипендия көлемі 130 500 теңге болғанын айтады.

Ақмарал Төкен Ұлттық банкте 10 ай жұмыс істеген. Алайда бұл мерзім есепке алынбаған.

«Оқу шарты бойынша үш жыл істеп шығуы керек. Бір жыл істеді, екі жыл істеді деген еңбек шартында жоқ. Оқу шарты бойынша 3 жыл. Үш жылды толық істеп болғаннан кейін ғана ол шарттың талабы орындалды деп саналады», – деді талапкер жауабы.

Ақмарал Төкеннің әріптестері не дейді

Апелляциялық сот отырысына жауапкер жұмыс істеген департамент басшысының орынбасары қатысты. Алайда ол бірінші сатыдағы сотқа қатыспаған.

«Ақмарал Төкенмен кісімен бірге көптеген магистрантты жұмысқа алдық. Бәрімен бір жылдық шартқа қол қойдық. Кейбірімен үш айлық сынақ мерзімін енгіздік. Ақмарал Төкенге ешқандай үш айлық мерзім қойған жоқпыз. Себебі ол кісілердің біліктілігіне сендік. Алайда жұмыс барысында көптеген мәселе туындады. Жауапкер біздің Ұлттық банктің корпоративтік мәдениетінің қағидаттарын ұстанбау фактілері бар. Оны дәлелдей аламыз. Куәгерлер бар», – дейді талапкер тарабы.

Айтуынша, жауапкер жұмыс істеген кезде жиі жанжал шығарған.

«Бұл кісі біздің еңбек шарттарын орындамады, конфликтіге барды. 29 наурызда арыз түсіріп, бір күн ішінде бала қарау бойынша еңбек демалысына кетемін деді. Заң бойынша біз оны бердік. Жұмысы біткен жоқ, өзі АҚШ-қа барып келді. Сол кезде бұл кісінің Ұлттық банкте жұмыс істеуге мүдделі емес екенін байқадық. Сол себепті заңды құқығымызды пайдаландық», – деді Ұлттық банк қызметкері.

Содан кейін судья 17 миллион теңге көлеміндегі талап арыздан бір жылдық еңбек өтіліне сәйкес келетін соманы шегеруге бола ма деп сұрады. Алайда банк өкілі мекеме декреттік демалыстағы анадан талапты толық көлемде өндіріп алуға ниетті екенін айтты.

Ақмарал Төкен не дейді

Ақмарал Төкен – екі баланың анасы, жас қаржыгер. 2019 жылы Maqsut Narikbayev University-ді тәмамдаған. Duke University (АҚШ) университетінде тағылымдамадан өткен және Льеж университетінде (Бельгия) академиялық ауысым бағдарламасына қатысқан. Қазір Ақмарал Астанадағы MNU университетінде аға оқытушы болып жұмыс істейді.

«Декреттік демалыста отырғанымда еңбек шартының мерзімі аяқталуына байланысты оны тоқтату туралы хабарлама алдым. Сонымен қатар Ұлттық банк оқу шығыны ретінде жұмсаған 17 144 419 теңгені өтеу туралы талап жолдаған. Мен міндеттемелерден бас тартқан жоқпын. Келісімшарт бойынша жұмыс істеу міндетін орындау үшін оны ұзартуды бірнеше рет жеке және e-Otinish арқылы жазбаша түрде сұрадым. Алайда мен декреттен шыққан күні-ақ келісімшартты тоқтатты»,деді Ақмарал Төкен KursivMedia тілшісіне берген сұхбатында.

Кейінірек Ұлттық банк оқу шығындарын толық көлемде өтеу туралы талап арыз берген.

Төкеннің айтуынша, бірінші сатыдағы сотта Ұлттық банк өкілдері оның біліктілігіне немесе жұмысының сапасына ешқандай шағымдары жоқ екенін айтқан.

«Бірінші сатыдағы сот менің келісімшарт талаптарын орындауға мүмкіндігім болмағанына қарамастан, банктың талабын қанағаттандырды»,деді Ақмарал Төкен.

Сондай-ақ оқыңыз