«Шындық ашылмай кетті»: қамауда отырған әскери соттағы соңғы сөзін айтты

Жаркенттегі әскери гарнизонда қайтыс болған капитан Дархан Дәулет ісі бойынша сотталушылар соттағы соңғы сөзін айтты. Бірінші болып майор Дархан Қазтай сөйледі, деп хабарлайды KursivMedia.
Жаркенттегі әскери қазасы
Дархан Дәулет Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылында 5 жыл қызмет еткен. 2024 жылдың қыркүйегінде Жаркентке инженерлік бөлімнің бастығы болып ауысқан. 2024 жылдың 13 қарашасынан 14 қарашасына қараған түні тәуліктік кезекшілікке түскен. 26 жастағы әскери сол түні қайтыс болған.
Сотталушылар қатарында 4 адам бар: майор Дархан Қазтай 1988 жылы туған, ал үш сарбаз – Нұрман Әбсадық, Бақберген Рустамұлы, Аят Шакир 19-20 жаста.
Соттағы соңғы сөзі
Жаркенттегі әскери қазасынан кейін қамалған майор Дархан Қазтай соттағы соңғы сөзінде ешкімге адам өлтіру туралы тапсырма бермегенін айтты.
«Шындық ашылмай кетті бұл жерде… Бәрі тергеудің кезінде шықты. «Таңертең мен келгенде ЧП болып тұрсын» деген екенмін. Сол ЧП болмауы үшін жұмыс істеп жатырмыз. Жанымызды салып жатырмыз. Бақбергеннің айтқанын жеткізіп берейін, біле жүріңіздер. Бақберген Рустамұлы «бәріміз ұйқыға жатқанбыз, екі адам сушиға кеткен» деді. Айтуынша, жауапты түнде тексеруге келген. Екі адам жоқ. Фамилиясын ақ қағазға жазып алған. Содан кейін бәрі дастарханға отырған. Одан кейін жауапты Дархан Дәулет кетіп қалған соң, Бақберген тамақ жеуге келген. Сол кезде Әбимолда «анау мені жазып алды, өшірмей қойды, қорқытып алыңдар, байлап тастаңдар» деген. Өздері дайын отырған адамдар. Ешқандай казарма артынан шықпаған. Барады, байлайды. Қайтып келеді де, Әбимолдаға «далада жатыр, өзіңіз барып, шешіп, арқасынан қағып, ренжімеңіз» деп айта салыңыз дейді. Бірақ Әбимолда отырып алған, 40 минут бойы бармаған. Ешқандай доклад жасамаған. Мен тапсырма берген болсам, маған хабарласар еді ғой», – дейді Дархан Қазтай.
Айтуынша, Бақберген Әбимолдаға бірнеше рет ескертіп айтқан.
«Маска тағып ал» дегеннің бәрі тергеу кезінде шыққан. Біздің тергеу қандай болатыны белгілі ғой. Басыңа бір-екі рет пакет кигізіп алса, кез келген нәрсені айтасың. Бақберген де шындықты айтып тәуекелге бармайды. Жалғыз анасы, қарындастары бар. Бәрі қазақтың баласы, Құдайдан бір жеңілдігі болар деп үміт күтіп отыр. Әйтпесе жап-жас балалар ғой, 18 жаста», – дейді ол.
Сөзінше, сарбаздар марқұмды қорқытқысы келген.
«Дала суық. Мен келген кезде денесі мұздап қалған. Фельдшер де көмек көрсеттім деп айтып жатыр. Көрдім көмектерін. Мен айтпағанша жедел жәрдем шақырмаған. (…) Мен ешкімді өлтір деп айтқан жоқпын. Байлап, тастап кет деп айтқан жоқпын. Өздері де бәрін біледі. Айыптау актісі дейді. Оның жартысын компьютерде отырып мен жаздым. Сауатсыз офицер деп жатсыздар. Тергеушінің өзі сауатсыз, компьютерде жаза алмайды», – дейді сотталушы Дархан Қазтай.
12-16 жылға соттауды сұрады
Бұған дейінгі сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Саят Баймұсаев сөйледі.
Прокурор сотталушы Дархан Қазтайды қылмыстық кодекстің 451-бабы 2-бөлігі, қылмыстық кодекстің 28-бабының 3-бөлігі – 439-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 16 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сарбаз Бақберген Рустамұлын қылмыстық кодекстің 439-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Аят Шакирді қылмыстық кодекстің 439-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Нұрман Әбсадықты қылмыстық кодекстің 439-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.