Changan X5 Plus: маркетологтардың айласы қазақ нарығын жаулауға көмектесіп жатыр

Алматы көшелерінде Changan-ның кезекті кроссовері көбейді. Ол – Changan X5 Plus. Көлік көпті сымбатты түрі мен қолжетімді бағасымен жаулауда. Көлікке сұраныс артқанын байқаған қос бірдей отандық автоблогер қытай маркісіне шолу жасап үлгерді. Біз де өз кезегімізде модель туралы ізденіп көрдік.
Oshan X5-тен Changan X5 Plus-ке дейін
Changan X5 Plus су жаңа модель емес. Нарықта жүргеніне 5 жыл болды. Алғаш 2020 жылғы шілдеде Chengdu автосалонында Oshan X5 деген атаумен таныстырылып, ресми түрде 2020 қарашада Қытай нарығына сатылымға шығарылды. Алайда көлік сатылымы өндірушілерді қуанта қоймады. Кей деректерде 2024 жылы 60 мың данасы сатылғаны айтылады. Алайда алдын ала сатылымда минутына мыңдаған көлік сатылатын 1 жарым млрд-тық нарық үшін бұл түк те емес. Кейін өндірушілер аздаған өзгеріс енгізіп, модельдің атын Changan X5 Plus деп ауыстырып, екінші өмір сыйлады. Маркетологтардың бұл айласы сәтті шықты. Кеменің қалай атасаң, солай жүзеді мәтелі өміршеңдігін көрсетті. Модель белгілі брендпен жақсы сатыла бастады. Оны көрген отандық сұр дилерлер көліктті әкеліп көріп еді, біз де жақсы өтті. Қазір жаппай кіргізілуде.
Kolesa сайтында модель сатылымы туралы 250-ге тарта хабарландыру тұр.
Changan X5 Plus несімен қызық
Бағасы. Көліктің орташа бағасы 8.5 млн теңге. Бұл кедентік тазартудан толық өткен, қазақ нөмірмен тұрған көлік. Үстінен ештеңе төлеу қажет емес. Атыңа рәсімде де мініп кете бер. Мұндай бағаға сұлу, жаңа, асты биік көлік шашылып жатқан жоқ.
Дизайны. X5 Plus жаңартылған экстерьерімен көзге түседі. Агрессивті алдыңғы оптика мен бампер, спорттық стиль, LED жарықтар көлікті қымбат көрсетеді.
Технологиялық жабдығы. Көлік цифрлық аспаптар панелі, үлкен мультимедиа дисплейі, 360° камера, адаптивті круиз-контроль, дауыспен басқару секілді опцияларға ие.
Бәлкім атауы. X5 немістің BMW брентінің әйгілі, талайдың арманына айналған моделі. Бәлкім, BMW X5 армандағандардың Changan X5 Plus-пен қандай да бір көзге көрінбейтін байланысы бар шығар.
Кемшілігі
1. Жоғарыда атап өткен қос автоблогер де көліктің дыбыс оқшаулауы өте төмен екенін атап өткен. Соның салдарынан қозғалыс кезінде деңгелектің айналғаны, мотордың дырылдағаны, желдің гуілі естіліп, жүрісті жайсыз етеді.
2. Екіншіден роботталған қорабы ойланып істейді. Бұл әзіресе бірден қарқын алғанды ұнататын жүргізушілерге ұнамайды.
3. Мультимедия жүйесін қытай тілінен орыс тіліне ауыстырылғанда монитор өшіп қалатын ақау пайда болған.
4. Жоғарыда көлік бұрын Oshan деп аталғанын айттық. Бұл қытайлық өндірушілер үшін бір модельді шығарып, өтпесе оңай ауыстыра салатынының айқын көрінісі. Ертең Changan X5 Plus сатылмай қойды деп, модель өндірісін қысқартып тастаса, я өзгертіп, атын тағы ауыстырып жіберсе, құрығанда шанақ элементтерін табу қиынның қиыны болмақ.
5. Көлік ресми сатылмайтындықтан, ресми кепілдігі жоқ. Өзге модельдермен сәйкес келмейтін бөлшектерін тек тапсырыс беріп алдыруға болады. Әрі ресми кіргізілмегеннен кейін, Қазақстанның табиғи ерекшеліктеріне бейімделмеген. Атап айтқанда мырышпен өңделмеген. Қыста жолға себілетін тұз аралас құм шанақты жылдам шірітіп жіберуі мүмкін.
Қалай дегенмен қытайлық бренд Қазақстанда танымал. Әсіресе біздің модельмен бір платформада жасалған Changan-cs55-plus жақсы сатылады. Тіпті Қазақстанда құрастырылған Changan көліктері Ресейде сатылғалы жатыр.