
Алматы әкімдігі елдегі ірі құрылыс компанияларының бірі – BI Group компаниясын Есентай өзенінің бойын абаттандыру бойынша ауқымды жобаға тартқанын мәлімдеді.
Келісімге сәйкес, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында BI Group жобаны жүзеге асыруға 11 миллиард теңгеден астам қаржы құйып, өзен арнасы бойындағы әл-Фараби даңғылынан бастап Рысқұлов даңғылына дейінгі 7,2 шақырымдық аумақты ретке келтірмек.
«Жобаның мақсаты – қаланың жоғарғы және төменгі бөлігін біріктіретін заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастыру. Құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асады. Алғашқы кезең – әл-Фараби даңғылынан Абай даңғылына дейінгі учаскеде абаттандыру жұмыстарын биыл аяқтау жоспарланған», – делінген әкімдік хабарламасында.
Жоба аясында өзен жағалауында жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары, жаңа саябақтар мен демалыс орындары салынады. Заманауи қала кеңістігіне сай, орындықтар мен көгалдандыру элементтері орнатылады. Сонымен қатар, аумақ мақсатты бағыттар бойынша жүйеленіп, жастар мен студенттерге арналған, мәдени және белсенді демалыс аймақтары, сондай-ақ тыныш демалысқа арналған тынығу орындары қамтылады деп жоспарланған.
Сарапшылардың пікірінше, Есентай өзенінің бойындағы аймақ ерекше әлеуетке ие. Өзен арнасы жасыл белдеулерді, тұрғын үй кешендерін, студенттік кампустарды кесіп өтеді әрі мәдени-спорттық нысандарға жақын орналасқан. Арна бойындағы бос жатқан жерлер қосымша көгалдандыру мен жаңа скверлер жасауға мүмкіндік беріп, қаланың демалыс пен туризм тұрғысынан тартымдылығын арттыра түседі.
Алматы әкімдігі қала кеңістігін дамыту және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру мақсатында әлеуметтік жауапты бизнесті тарту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыра беретінін атап өткен.
Бұған дейін, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Орталық стадион жаңғыртылатынын хабарлаған.