Маса арқылы тарайтын Чикунгунья вирусы мамандарды алаңдата бастады

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Маса арқылы тарайтын Чикунгунья вирусы мамандарды алаңдата бастады
Маса арқылы тарайтын Чикунгунья вирусы мамандарды алаңдата бастады/Фото: REUTERS/Josue Decavele

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маса арқылы жұғатын Чикунгунья вирусының эпидемиясы қайталанбауы үшін шұғыл әрекет етуге шақырды, деп хабарлады Reuters агенттігі.

Вирус 20 жыл бұрын бүкіл әлемге тараған. Ал қазір Үнді мұхиты аймағында жаңа ошақтар табылып, олар Еуропа мен басқа да құрлықтарға жайылып жатқаны хабарланды.

ДДСҰ дәрігері Диана Рохас Альварестің айтуынша, вирус денені қыздырып, буын ауруы мен ұзақ уақыттық еңбекке жарамсыздық тудыруы мүмкін. Оның айтуынша, әлем бойынша 119 елдегі 5,6 миллиард адам Чикунгунья вирусын жұқтыру қаупі бар аймақтарда тұрады.

Аурудың өршуі Реюньон, Майотта және Маврикий секілді Үнді мұхиты аралдарында байқалған. Рохас Альварестің сөзінше, Реюньон аралы халқының үштен бірі вирус жұқтырған болуы мүмкін.

«Вирус қазір Мадагаскар, Сомали мен Кенияға да тарап жатыр, сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азияда, соның ішінде Үндістанда эпидемиялық таралу жағдайы тіркелген», – дейді ол.

Мамандарды Еуропадағы жағдайлардың артуы мен жергілікті жұқтыру оқиғалары алаңдаушылық тудыра бастаған. Рохас Альварестің айтуынша, 1 мамырдан бастап Францияда Чикунгунья вирусының 800-ге жуық жағдайы тіркелген.

Францияның оңтүстігіндегі бірнеше аймақта вирус маса арқылы таралғаны, адамдар эпидемия ошағына бармағаны анықталған. Өткен аптада Италияда да осындай бір жағдай тіркелген.

Reuters Чикунгунья вирусына қарсы нақты ем жоқ екенін жазады. Ол негізінен Aedes тұқымдасына жататын маса арқылы таралады. Басылым масадан қорғану мақсатында оған қарсы репелленттерді қолдануға, ұзын жеңді киім киіп жүруге шақырады.

Чикунгунья әдетте өлімге әкелмейді. Дегенмен қарт кісілер, иммунитеті әлсіз, созылмалы аурулары бар адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін.

Бұған дейін, Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19-дың жаңа тармақтарына қатысты мәлімдеме жасаған. Сондай-ақ короновирустан кейін ұзаққа созылатын белгілер туралы қарапайым тілмен түсіндіріп, шынайы деректер мен миф туралы жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз