Президент медицина қызметкерлерін қорғау мақсатында заңды қатаңдатуды тапсырды

Президент медицина қызметкерлеріне шабуыл жасап, күш қолданып және қатыгездік танытқан әрекеттерге қатысты жазаны қатаңдату мақсатында ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізу туралы ұсынысты қолдайды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінің жетекшісі Руслан Желдібай мәлім етті.
Руслан Желдібай мұндай ұсыныс парламент депутаттары, денсаулық сақтау саласы өкілдері және белсенді азаматтар тарапынан түскенін атап өтіп, президент заңды қатаңдату туралы үкіметке тапсырма бергенін жеткізді.
«Дәрігерлердің денсаулығына нұқсан келтіріп, өміріне қауіп төндіретін мұндай келеңсіздіктерге «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес құқықтық тұрғыда батыл түрде тосқауыл қойылуы керек. Президент Үкіметке тиісті заңнамалық түзетулер әзірлеуді тапсырды. Бұл бастама Парламентте азаматтық қоғам өкілдерімен бірге талқыланады», – делінген хабарламада.
Кейінгі кезде медицина қызметкерлеріне күш қолдану, оларды соққыға жығу жағдайлары жиілеген. Мәселен, 17 шілде күні Қостанай облыстық ауруханасында операциядан шыққан хирургті емделуші соққыға жығып, дәрігер ауыр халде реанимация бөліміне түскен.
Ал Қарағандыда балалар ауруханасының екі дәрігеріне емделуші дене жарақаттарын келтірген.
2024 жылдың желтоқсан айында жедел жәрдем көлігімен көмекке келген фельдшер Әнел Баймұрзина соққыға жығылып, миы шайқалып, түрлі жарақттар алған.