«Қарағанды Су» мекемесінің екі қызметкері кәріз құдығында уланып мерт болды

«Қарағанды су» мекемесінің қос қызметкері жұмыс барысында оқыстан қаза тапты. ҚазАқпарат агенттігінің мәліметінше, коммуналдық қызмет мамандары кәріз құдығында жөндеу жүргізу кезінде улы газға уланып қалған. Қайғылы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалған.
Оқиға жоспарлы жұмыс кезінде болған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 29 және 46 жастағы «Қарағанды Су» ЖШС қызметкерлері кәріз құдығында орналасқан датчиктерді жөндеу кезінде күкіртті сутек тәрізді улы газға уланған.
«Екі ер адамның қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Алдын ала мәліметтер бойынша, олар жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде канализациялық газға уланған. Қазіргі таңда қажетті сараптамалар тағайындалды, барлық тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – делінген Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Қайғылы жағдайға қатысты түсініктеме берген «Қарағанды Су» мекемесі жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылып, еңбек инспекциясы тарапынан тексеріс пен ішкі қызметтік тергеу басталғанын атап өтті.
Қылмыстық іс еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына қатысты бап бойынша қозғалған.