Тамыздағы ҰБТ-ға өтінім қабылдау басталатын күн белгілі болды

Ғылым және жоғары білім министрлігі 25 шілдеде тамыз айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау басталатынын хабарлады.
Өтінім қабылдау 5 тамызға дейін жалғасады. ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының сайтында app.testcenter.kz жүргізіледі. Тестілеудің өзі 10-14 тамыз аралығында өтеді.
Тамыздағы ҰБТ шекті балл жинай алмаған талапкерлердің тестілеуден қайта өтіп, ЖОО-ға ақылы негізде түсу мүмкіндігі болуы үшін өткізіледі. Өтініш беру кезінде тест тапсырушылар ҰБТ өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.
Негізгі ҰБТ-ға қатысқан талапкерлер бейіндік пәндер комбинациясын тамыз тестілеуінде өзгерте алады.
Тамыз айындағы ҰБТ-ға кім қатыса алады:
- ағымдағы және өткен жылғы мектеп және колледж түлектері;
- қандастар (ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ азаматтар);
- шетелде білім алған орта білім беру ұйымдарының бітірушілері;
- шығармашылық мамандықтардан басқа мамандықтарға, басқа мамандықтардан педагогикалық бағыттарға ауысқысы келетін студенттер және жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылданған студенттер.
Министрлік мамандығы бойынша ЖОО-да ақылы негізде оқуды жалғастыруды жоспарлап отырған колледж түлектері оқуға әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданатынын атап өтті. Бұл ретте оқуға қабылдауды ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.
Бұған дейін, министрлік негізгі ҰБТ-да түлектердің 24%-ы шекті балл жинай алмағанын хабарлаған. Сондай-ақ ЖОО-ға түсу үшін кемі қанша балл керек екенін жазғанбыз.