Жеке сот орындаушысы ондаған азаматтың 56 млн теңгесін қалтасына басқан

Қостанай қаласының №2 соты өкілетін теріс пайдаланып, азаматтарға үлкен сомада зазал келтірген жеке сот орындаушысына қатысты шешім шығарды.
Мән-жайы
Сотталушы К. жеке сот орындаушысы ретінде жұмыс істеген кезеңде борышкерлерге атқарушылық іс жүргізу туралы қаулы жіберіп, соңғылары аударым арқылы төлем жасаған, сондай-ақ борышкерлердің жалақысынан берешекті ұстап қалуды жүргізген. Қаражат К. көрсеткен шотқа, берешекті өтеу есебіне аударылып отырған. Алайда сотталушы атқарушылық іс жүргізуді қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындамай, келіп түскен қаражатты қалауы бойынша жаратқан.
Қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде К. 31 жәбірленушіге 56 млн теңгеден астам сомаға аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірген.
Тараптардың ұстанымдары:
Сот жарыссөздерінде мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 2 жылға бас бостандығынан айыруды, алайда «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңның негізінде жаза мерзімін екіден бір бөлікке қысқартуды сұрады.
Сотталушы болса, кінәсін мойындаған.
Ал жәбірленушілер жазаны соттың қарауына қалдырып, талаптарды қанағаттандыруды сұраған.
Шешім
Сот сотталушының шын жүректен өкінгенін, кәмелетке толмаған балаларының барын, залалды ішінара ерікті түрде өтегенін жағдайды жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырған.
Сот К.-ны жеке сот орындаушысы қызметімен үш жыл мерзімге айналысу құқығынан айыра отырып, 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Алайда «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңының 3-бабы 1-тармағының негізінде сотталушы К.-ның жазасы екіден бірге қысқартылып, үш жыл мерзімге жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығынан, 1 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылған.
Бұған дейін, Қостанайда жеке сот орындаушысы ер адамның шотын алимент төлемегені үшін бұғаттаған. Алайда кейін оның бұрынғы әйелі тоғыз жыл бұрын қайтыс болғаны анықталған.