2024 жылы Ұлттық қор тек инвестициялық табыс есебінен өскен

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media

Қазақстан Ұлттық қоры 2024 жылы 4,6 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестициялық табыс тапты. Бұл – қор активтерінің 7,59%-дық табыстылығы нәтижесінде қол жеткізілген көрсеткіш. Ұлттық қордың Президент Жарлығымен бекітілген ресми 2024 жылғы аудиттелген есебі жарияланды.

2024 жыл нәтижесінде қор активтері шамамен 66,2 млрд долларға жетті. Оның ішінде валюталық портфель – 58,8 млрд доллар болса, ал теңгедегі активтер 7,4 млрд долларға тең.

Шығыстар мен трансферттер

былтыр Ұлттық қордан жалпы 6,3 трлн теңге алынған. 5,6 трлн теңгесі тікелей трансферт түрінде аударылса, 705 млрд теңге қазақстандық эмитенттердің қаржы құралдарын сатып алуға жұмсалды. Оның ішінде:

  • «Қазатомөнеркәсіп» АҚ акциялары 467 млрд теңгеге;
  • Самұрық-Қазына облигациялары 238 млрд теңгеге сатып алынған.

Ал мұнайдан небәрі 3,8 трлн теңге түскен. Былтыр қор активтерінің өсуіне тек 4,6 млрд долллар инвестициялық табыс әсер еткен.

Салыстырар болсақ, 2023 жылы мұнай секторынан қорға 4,6 трлн теңге түссе, инвестициялық табыс 6,2 млрд доллар болған. Ал қордан бюджетке 4 трлн теңге трансферт түрінде аударылып, сондай-ақ 1,3 трлн теңгеге «ҚазМұнайГаз» акциялары сатып алынған.

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы

2024 жылы қаңтарда балаларға 696 млн доллар есептелген Әр балаға сол жылы 100 доллар 52 цент үлестірілді. Ал жыл қорытындысымен 2025 жылғы қаңтарда жүргізілген есеп бойынша әр балаға 129 доллар 38 цент есептелді. Бұл сома Ұлттық қордың ұзақмерзімді инвестициялық кірісінің жартысынан құралады және балалар 18 жасқа толғанға дейін инвестицияда сақталып, кіріс әкелуді жалғастырады.

Сондай-ақ оқыңыз