
Halyk Bank Өзбекстанның танымал төлем қосымшасы – Click компаниясының 49% акциясын сатып алды. Бұл мәміле үшін банк 176,4 миллион доллар төлейді. Өз кезегінде Click компаниясының иелері Halyk Bank-тің Өзбекстандағы еншілес ұйымы – Tenge Bank-тің 49% үлесін 60,76 миллион долларға сатып алады.
Бұл мәміле Halyk пен Click-тің Өзбекстан нарығында бірлесе жұмыс істеуіне жол ашпақ. Бірақ екі компания да өз алдына бөлек ұйым болып қала береді.
Click деген қандай компания?
Click – Өзбекстандағы ең танымал төлем жүйелерінің бірі. Қазір оның 20 миллионнан астам қолданушысы бар. Компания төлем жасау, ақша аудару, несие төлеу, сақтандыру, жеткізу, автоқызметтер сияқты түрлі қызметті қолдануға мүмкіндік беретін суперқосымша жасап шығарған.
Click арқылы күн сайын 2 миллионнан астам төлем жасалады. 2024 жылы компанияның кірісі 35,3%-ға, ал пайдасы 37,5%-ға өскен.
Tenge Bank туралы не білеміз?
Tenge Bank – Halyk Bank-тің Өзбекстандағы еншілес банкі. Бұл банк жеке тұлғаларға да, шағын және орта кәсіпкерлерге қызмет көрсетеді. Банк қазіргі заманғы банктік технологияларды қолданады. 2025 жылдың көктемінде оның активі 7,7 трлн сум, ал несие портфелі 4,5 трлн сум болған.
Click осы банкке серіктес бола отырып, Өзбекстандағы банк пен төлем сервистерін біріктіреді. Бірақ екі компания да өз жұмысын бөлек жүргізе береді. Клиенттер үшін ештеңе өзгермейді.
Halyk Bank бұл серіктестік арқылы Өзбекстандағы инвестицияларын арттырып отыр. Қазірдің өзінде банк бұл елге 1,5 миллиард доллардан астам қаржы құйған. Енді Halyk пен Click бірге жұмыс істей отырып, 32 миллионнан астам адамға қызмет көрсете алады.
Halyk Bank – Қазақстандағы ең ірі банк. 2025 жылдың маусымындағы мәлімет бойынша, оның активі 18,6 трлн теңгеге жеткен. Банк Лондон мен Алматы биржаларында тіркелген, ал оның негізгі иелері – Құлыбаевтар отбасы.