Қазақстан тек жүк тасымалдайтын әуе компаниясын құрмақ

Қазақстанда жүк тасымалдаушы ұлттық әуе компаниясы құрылады. Бұл бастама әуе жүк тасымалы нарығының тұрақты өсімімен байланысты қолға алынып отыр. Қазіргі кезде әлемде әуедегі жүк тасымалының жылдық көлемі 57,7 миллион тоннаны құрайды, оның 15%-ы Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы өтеді.
Бұл мәселе Үкімет отырысында қаралып, Премьер-министр Олжас Бектенов ұлттық жүк әуе тасымалдаушысын құру бойынша дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Алғашқы рейс – 2026 жылы
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, бастапқы кезеңде үш әуе кемесі жалға алынады, кейіннен флот 10 ұшаққа дейін ұлғайтылады.
Алғашқы жүк рейсі 2026 жылдың басында іске қосылады деп жоспарлануда. Жобаның табысты болуы үшін жанармаймен тұрақты қамтамасыз ету шаралары қарастырылған.
Жаңа жүк авиакомпаниясын іске қосу арқылы Қазақстан транзит жүк ағындарын тартуды көздеп отыр. Бұл елдің авиациялық хаб ретінде рөлін күшейтеді және халықаралық жүк нарығындағы позициясын нығайтады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Қазақстанның аймақтағы жетекші авиациялық хабқа айналатынын мәдімдеген. Осыған байланысты әуежайларды жаңғырту, жаңа бағыттар ашу және әуе кемелерін көбейту бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Көлік министрлігінің дерегінше, 2025 жылдың бірінші жартысында қазақстандық авиакомпаниялар 7,2 миллион жолаушы тасымалдаған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға көп. Ал әуежайларда қызмет көрсетілген жолаушылар саны 14,4 миллион адамға жеткен.
Қазіргі уақытта ел ішінде 61 бағыт бойынша аптасына 849 рейс орындалады. Соңғы жылдары 20 ұшу-қону жолағы мен 19 терминал жаңартылып, Түркістанда жаңа әуежай салынды.
Биыл 16 жаңа ұшақ флотқа қосылады, олардың 6-уы қазірдің өзінде сатып алынған. Жалпы, 2030 жылға дейін әуе кемелерінің саны 221-ге жеткізіледі деп жоспарланған.