
Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Қырғызстанның халық әртісі атағын алды. Бұл туралы желіге әншінің әкесі Қанат Айтбаев сүйіншілеп жазды.
Айтбаевтың жазуынша, Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында өткен халықаралақ эстрадалық әншілер фестивалінде Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың жарлығымен Димашқа Қырғызстанның халық әртісі атағы берілген.
Айта кетейік, Димаш Қазақстанның Халық әртісі атағына ие. Өз жазбасында Қанат Айтбаев Қырғыз еліне алғыс айтып, екі елдің достығы мәңгі болуын тілеген.
Осыған дейін Димаштың Қырғызстандағы фестивальде тегін өнер көрсетуге келіскені туралы ақпарат тараған.
«Мейкин Азия» – Орталық Азия кеңістігінде ұйымдастырылатын ең ауқымды музыкалық жобалардың бірі. Фестиваль түрлі ұлт өкілдерінің мәдениеттерін біріктіріп, тыңдарманға әсем әсер сыйлауды мақсат етеді.