Ресейде әскерге шақыру жыл бойына жүру мүмкін

Ресей Мемлекеттік думасына жаңа заң жобасы енгізілді. Енді әскерге шақыру шараларын жылына екі рет емес, күнтізбелік жыл бойы жүргізу ұсынылған. Бұл бастама Қорғаныс жөніндегі думалық комитеттің төрағасы Андрей Картаполов пен оның орынбасары Андрей Красовтың бастамасымен көтерілді.
Заң жобасына сәйкес, әскерге шақыру комиссиялары 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін тұрақты жұмыс істейтін болады, ал шақырту қағаздары жыл бойы таратылмақ. Дегенмен, әскерге нақты жөнелту бұрынғыдай екі кезеңде ғана жүзеге асады: көктемде — 1 сәуірден 15 шілдеге дейін, күзде — 1 қазаннан 31 желтоқсанға дейін.
Билік бұл өзгерістер әскерге шақыру пункттерге түсетін жүктемені біркелкі бөлуге көмектеседі деп отыр. Заң жобасының түсіндірме жазбасында бұл құжат Ресей Федерациясы Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында әзірленгені көрсетілген.
Алайда, құқық қорғаушылар жаңа жүйе әскерден жалтаруға тырысатындар үшін мүмкіндіктерді шектейді деп алаңдаушылық білдіріп отыр. Себебі, комиссиялар үздіксіз жұмыс істейтіндіктен, медициналық тексеруден немесе кейінге шегеруден өту қиындай түседі.
Жаңа заң жобасы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі мүмкін, алайда Дума бұл заңды тек күзгі сессияда қарайды, себебі осы аптада депутаттар жазғы демалысқа кетеді.
Заң жобасының қабылдану мүмкіндігі жоғары, өйткені оны Мемдумадағы қорғаныс комитетінің төрағасы мен орынбасары дайындаған — бұл бастаманың ресми қолдауға ие екенін көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда да әскерге шақыру ережелері өзгергені туралы жазған едік.