Еуропа АҚШ өнімдеріне 30% баж салығын енгізбек

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Еуропа АҚШ өнімдеріне 30% баж салығын енгізбек / фото: reuters

Еуропалық Одақ Вашингтон тарапынан енгізілуі мүмкін 30%-дық тарифтерге жауап ретінде АҚШ өнімдеріне 30% кедендік баж салығын салуға дайындалып жатыр. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.

Жаңа шаралар АҚШ-тың Еуропаға экспортының шамамен үштен бірін қамтымақ. Жоспарға сәйкес, ЕО қазіргі уақытта бекітілген 21 млрд еуро көлеміндегі баж салығын және қосымша 72 млрд еуро тұратын тауарлар тізімін біріктіріп, жалпы құны 100 млрд еуроны құрайтын америкалық өнімдерге 30% салық енгізуді қарастырып отыр. Бұл АҚШ-тың Еуроодаққа жыл сайын экспорттайтын 335 млрд еуро көлеміндегі өнімінің үштен біріне жуықтайды.

Агенттік дерегінше, салық салынатын негізгі өнімдер қатарына Boeing ұшақтары, америкалық автокөліктер мен бурбон сусыны кіреді. Тарифтер 1 тамыздан бастап күшіне енуі мүмкін, егер АҚШ осы айда президент Дональд Трамптың уәдесі бойынша ЕО елдерінен келетін тауарларға 30% баж салығын енгізсе.

Еуроодақ құрамындағы мемлекеттер, соның ішінде Германия, 2023 жылы қабылданған Экономикалық қысымға қарсы құрал (ACI) шеңберінде де жауап беру мүмкіндігін қарастырып отыр. Бұл механизм АҚШ-тың технологиялық алпауыттарына салық салу, АҚШ нарығына инвестицияға шектеу қою және ЕО нарығына кіруге тыйым салу секілді шараларды қамтиды.

Дегенмен ЕО-ға мүше елдердің басым бөлігі Вашингтонмен келіссөздерді жалғастырып, тамыздағы шешуші мерзімге дейін дағдарысты бейбіт жолмен шешуге ниетті.

Айта кетейік, 23 шілдеде АҚШ пен Жапония жаңа сауда келісіміне келген болатын. АҚШ жапондық өнімдерге 25% орнына 15% баж салығын енгізсе, Жапония АҚШ-қа 550 млрд доллар инвестиция құйып, өз нарығын америкалық көліктерге, күрішке және ауыл шаруашылық өнімдеріне ашуға келісті.

Бұған дейін АҚШ 1 тамыздан бастап Қазақстаннан импортталатын тауарға 25% баж салығын енгізген еді. Алайда Үкімет Трамптың салық саясатының Қазақстан экспортының 95%-на еш әсер етпейтінін мәлімдеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз