Ақ үйдің тарифтерінен кейін Жапония АҚШ-қа 550 млрд инвестиция салмақшы

Жарияланды 23 Шілде 2025 11:00

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Фото: ТАСС

АҚШ-пен арадағы мәміле аясында Жапония америкалық экономикаға 550 млрд доллар инвестиция салады. Бұл жайлы ел президенті Дональд Трамп жазды.

«Біз жаңа ғана Жапониямен ірі мәмілеге келдік. Менің нұсқауым бойынша, Жапония АҚШ-қа 550 млрд доллар инвестиция салады, табыстың 90 пайызы Америкаға тиесілі болады», – деп жазды Трамп The Truth Social атты әлеуметтік желісінде.

Ол АҚШ-қа жапон автокөліктері, күріш және басқа да ауыл шаруашылығы тауарлары келетінін атап өтті. Трамп сөзінше, жаңа мәміле аясында Токио АҚШ-қа тауар импорты үшін тек 15% ғана салық төлейді.

Бұған дейін АҚШ президенті осы жылдың бірінші тамызынан бастап Жапониядан келетін барлық тауарларға 25% баж салығын енгізбекші екенін хабарлаған.

Жапония премьер-министрі Сигэру Исибаның әкімшілігіндегі жоғары лауазымды өкіл қол жеткізілген мәміле «табанды келіссөздердің нәтижесі» екенін мәлімдеді.

«Президент Трамп әлеуметтік желіде жариялаған материалдар шындыққа сәйкес келеді және Жапония оларды құптайды. Бұл – экономика қалпына келтіру істері жөніндегі министр Рёсэй Акадзава жүргізген табанды келіссөздердің жемісі», – деді телеарнаға сұхбат берген ресми өкіл.

Трамп Жапониядан бөлек 150-ден астам елден келетін импорттық тауарларға кедендік баж салығын енгізбекші екенін мәлімдеген. Бірақ олар  АҚШ-қа тиімдірек шарт ұсынатын болса, олармен жеке-жеке келісім жасасуға дайын екенін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз