Lifestyle

Ислам Каримовтың немересі ресейлік кәсіпкерге тұрмысқа шығады

Фото: instagram.com/mashatilly/

Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың 26 жастағы немересі Марьям Тилляева екінші рет тұрмысқа шығуға дайындалып жатыр. Instagram парақшасында демалыс кезінде сүйіктісі ұсыныс жасағанын және өзінің келісім бергенін жазды.

Марьямның айтуынша, оның сүйіктісі – ресейлік кәсіпкер Арнольд Казарян. Тилляеваның сөзінше, олар алғаш рет Франция Альпісіндегі Куршевель тау шаңғысы шипажайында кездескен.

Марьям Тилляеваның алғашқы күйеуі — «Хачтың күнделігі» атты блогтың авторы ретінде танымал болған Амиран Сардаров.

Марьям Тилляева – Ислам Каримовтың екінші қызы Лола Каримова мен кәсіпкер Тимур Тиллияевтың қызы. Бұған дейін Kursiv Uzbekistan басылымы Марьям Тилляеваның Өзбекстанның тұңғыш президентінің үлкен қызы Гүлнара Каримованы туған күнімен құттықтағанын хабарлаған.

Осы жылы сәуірде Гүлнара Каримоваға тиесілі болған Швейцариядағы қаражаттың 95 млн доллары өзбек қазынасына қайтарылғанын жазған едік. Каримовтың үлкен қызы  бопсалау және салықтан жалтару бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Еске салайық, Ислам Каримов Өзбекстан тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап 2016 жылға дейін елді басқарған.