
Қаржы министрлігінің жоспарланған көлемнен артық бағалы қағаздарды нарыққа шығару салдарынан бюджетке миллиардтаған шығын әкелуі мүмкін. Бұл жайлы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің қызметіне тексеріс жүргізген Жоғары аудиторлық палатадан хабарлайды.
«2021-2023 жылдардың кейбір айларында эмиссиялық бағалы қағаздар бастапқыда жоспарланған көлемнен артық шығарылғаны анықталды. Алайда республикалық бюджеттің бақылау шотында қаражат болады деп болжанған. Бұл бюджеттің 124 млрд теңгеден астам ықтимал шығындарына әкелді», – деп жазылған аудиторлық палата хабарламасында.
Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата Қаржы министрлігіне мемлекеттік қазынашылық міндеттемелерді шығару, орналастыру, айналысқа қосу, қызмет көрсету және өтеу ережесіне өзгерістер енгізуді тапсырды.
Басты мақсат – алдағы кезеңге арналған бюджет қаражатының қалдықтары бойынша оң болжам болған жағдайда ішкі нарықта мемлекеттік бағалы қағаздардың негізсіз шығарылуын болдырмау.
Осыған дейін Жоғары аудиторлық палата салық пен кеден саласындағы басқару тиімділігіне аудит жүргізген еді. Тексеру нәтижесі бойынша бюджетке 2 млрд теңге шығын келгені анықталды.