«Әкем осы үшін өлді ме» – Украина Зеленскийдің жаңа заңына қарсы шықты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: Getty Images

Киев орталығына жүздеген адамдар жиналып, шеруге шықты. Дәл осындай наразылық акциялары Львов, Днепр және Одессада өтті. Украиналықтар ел президенті Владимир Зеленскийдің жемқорлыққа қатысты жаңа заң қабылдағанына қарсы деп жазады BBC.

Ресей Украинаға басып кіргелі бері ел үкіметіне қарсы өткен ең ірі акция болды. Жиналғандар қолына «Біз автократияны емес Еуропаны таңдадық», «Менің әкем бұл үшін өлген жоқ» деген тәрізді жазулар ұстап шыққан.

Зеленский қандай заң қабылдады?

22 шілдеде Украинаның Жоғары Радасы Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро мен Жемқорлыққа қарсы арнайы прокуратураны елдің Бас прокуратурасына бағынышты ету туралы заң жобасын қабылдауға дауыс берді. Сол күні кешке Зеленский құжатқа қол қойды. Жаңа өзгеріс бойынша, Ұлттық бюро мен Арнайы прокуратура бұрынғы тәуелсіздігінен айырылып, Бас прокуратураның қарамағына өтеді.

Бұған дейін елдегі құқық қорғаушылар мен жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері Зеленскийді бұл заңға қол қоймауға шақырған еді. Сарапшылар жаңа заң Украинадағы жемқорлыққа қарсы органдарды толығымен жояды деп есептейді.

Зеленский жемқорлыққа қарсы органдардың қызметіне неге кедергі болды?

Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро мен Жемқорлыққа қарсы арнайы прокуратура 2015 жылы Еуромайданнан кейін құрылған тәуелсіз органдар. Ол ұйымдар Украинадағы ең басты мәселенің бірі жемқорлыққа тұсау салу үшін президент Петр Порошенконың тұсында құрылған еді.

2025 жылы 21 шілдеде Украинаның Қауіпсіздік қызметі мен Бас прокуратура қызметкерлері Ұлттық бюроның кеңсесінде тінту жүргізді. Олар «бюродағы ресейлік ықпалды азайту мақсатында арнайы операция жүргізгенін» мәлімдеді. Кейінірек Ұлттық бюро мен Арнайы прокуратурадағы бірнеше қызметкердің «Ресеймен байланысы бар деген күдікпен» қамалғаны белгілі болды.

22 шілдеде Жоғары Радада жемқорлыққа қарсы органдардың жұмысына өзгеріс енгізетін заң жобасы талқыланып, қабылданды.

Владимир Зеленский Украинадағы жемқорлыққа қарсы жүйені сынға алып, «әрекетсіз жүр» деп айыптаған еді. Әзірге ол елдегі шерулерге қатысты пікір білдірмеді.

Кейбір шетелдік БАҚ Владимир Зеленский қабылдаған жаңа заңға Еуроодақтың да қарсы екенін жазады. Украинаны одаққа қабылдаудағы негізгі шарттың бірі – жемқорлықты жою еді.

Бұған дейін Еуроодақ Украинаға көмекті 100 млрд еуроға дейін көбейтпекші деп жариялаған.

Сондай-ақ оқыңыз