Lifestyle

«Көз алдымызда өсіп еді»: бала кезінен танылған жұлдыздар

Бала кезінен танылған жұлдыздар кімдер?/Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазір TikTok, YouTube пен Instagram дәурені жүріп тұр. Бір сәтте ғана танылу оп-оңай. Бірер видеосымен-ақ миллиондаған қаралым жинап, фанат жинап жатқандарды көп көреміз. Әсіресе, халық кішкентайынан танитын жас таланттарды ерекше атап өту керек. Олардың қалай есейіп, бой жеткені – бәрі көз алдымызда. Қазір бірі жасөспірім шаққа аяқ басса, енді бірі тіпті ата-ана атанып үлгерген. Олардың қалай ересек болып кеткеніне әлі күнге дейін сенбей, «кеше ғана бала сияқты еді» деп пікір жазатындар жиі кездеседі. Олай болса, кішкентайынан танылған жас таланттар туралы айтайық. 

Назым Әбілдина – «Айгөлек» арқылы танылған ару

Назым он шақты жыл рейтиңгі жоғары болған «Айгөлек» музыкалық бағдарламасын жүргізді. Ол кезде кіп-кішкентай қыз еді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген таланттардың басын қосатын ән бәйгесі әлі интернет жоқ кезде ұйымдастырылғандықтан, күллі ел көрермен болған. Түр-сипатын да жақсылап танып алғаны содан. Кейіннен ол КешYOU герлз-бендінде ән айтты. Ол жерде аса қатты ерекшелене қоймаса да, әдемі мүсінін Баян Мақсатқызының өзі шегелеп айтып, кастингке келгенде бір көргеннен «осы қызды аламыз» деген шешімге келгенін айтады.

Елдің алдында бой жеткен Назым 2021 жылы тұрмысқа шықты. Таңдауы кімге түскенін ашық айтпаса да, ұлы туралы постта Асхат Алмасұлы деп көрсетіп, күйеуінің есімін оқырман осыдан білді. Ал маусымда Назым тағы да жүкті екенін «1+1=4» деп жазба қалдырып, баласы мен жолдасымен бірге түскен видео салды. Әбілдина қазір шоу-бизнестен кетті деуге келмейді. Арагідік әндерін жариялап тұрады.

Еркеш Хасен – қазақ жастарының үні

Еркеш Хасен – тыңдарман бала кезінен білетін жас музыкант. Ол да «Айгөлектің» жұлдыздарының қатарында. Назым, Еркеш, Алихан үшеуі жүргізген шоудың рейтиңгі жоғары болғанын айтқанбыз. Жүргізуші ғана емес, әнші ретінде де Еркеш жақсы танылды. Ол бүгінде абсолют хитке айналған біршама әннің авторы. Өзі орындайтын «Сен кездесуге келмедің», «Қызым менің», «Көзің әдемі» әндері тыңдарман қауымның көңілінен шықты. Еркеш осыдан 4 жыл бұрын шаңырақ көтерді. Әйгерім екеуі бір қыз өсіріп отыр.

Алихан Байсұлтанов – харизмасы тасып тұрған талант

«Айгөлектен» шыққан жұлдыздар легін жалғастырайық. Жүргізушілер қатарында да болған, ән бәйгесіне шығып, би де билеген Алихан Байсұлтан қазір ер жетті. Жаңа әндер шығарып, тыңдарманын қуантып тұрады. Әлі үйленген жоқ. Әншіліктен бөлек, актер ретінде де фильмдерге түседі. Бала бейнесі әлі сақталған жас музыканттың посттарынан «осы бала нешеде?», «Айгөлекпен танылып едің, әп бәрекелді! Түзу жолда тайма!» деген пікірлерді жиі көреміз.

Нұрмұхаммед Жақып даусымен талайды тамсандырған

Жас әнші Нұрмұхаммед Жақып 2006 жылы Ақтауда дүниеге келген. Әкесі —Ибрагим Жақып өнер адамы. Әндерін Instagram мен Youtube-қа сала бастағаннан кейін тыңдарман жинады. Ең алғашқылардың бірі болып Сәкен Майғазиев бөліскен соң оны тіпті көп адам танып, жазыла бастаған. Содан соң Нұрмұхаммедті концерттерге, тойларға, тіпті шетелдік бағдарламаларға да шақырды.

2018 жылы «Мама» деген әнін жарыққа шығарғаннан кейін, Андрей Малаховтың «Привет, Андрей!» деген бағдарламасына қонақ болды. Содан бері жас талант шығармашылығын шыңдап келеді. Бір ай бұрын ол Disney мен Pixar-дың «Элио» фильмінде Калебті қазақша сайратты.  

Kagiristwins – интернет-иконаға айналған егіздер

Қазақстандық ТикТок-жұлдыздары — Томирис пен Наргиздің (@kagiristwins) аудиториясы шетелді де қамтиды. ТикТок желісінде 22 миллионға жуық фоллоуері бар. Ал видеоларына қойылған жалпы лайк саны тіпті 650 миллионнан асып кеткен. Ал Instagram-да егіздердің өмірін 2,2 миллион адам бақылайды. Әпкелі-сіңлілі қыздардың харизмасы мен биге икемдері оқырманға қатты ұнайды. Басында вирус челлендждер мен трендтегі қысқа видеолардан бастаған қыздар қазір жарнамасы өте қымбат блогерлердің қатарында.

Желідегі танымалдығының арқасында табыс табатын егіздер жиі саяхатқа шығады, бас қаладан пәтер алды. Одан қала берді жарнамаға түсіп, жасөспірімдерге кумир болып отыр. Томирис пен Наргиздің қалай бой жеткенін реал-тайм режимде көргендер әлі күнге дейін уақыттың осынша тез сырғитынына таңғалады.

Хомяк – Алина Ким

TikTok-блогер Алинаны көпшілік Хома немесе Хомяк деген лақапатпен таниды. Ерекше baby face келбеті мен тартымды видеолары, харизмасы арқылы тез арада оқырман жинап алды. Қазір ТикТок желісінде 53 миллионнан астам фоллоуері, 1,3 миллиард лайкы бар. Кейінгі кездері онша белсенді болмай жүргені болмаса, жарнама алып, серіктестерімен арадағы келісім бойынша контентті салып тұрады.

Алинаны ТМД ғана емес, одан да ауқымды аудитория бақылайды. Оған қоса, бірқатар шетелдік бағдарламаға қонақ болып барды. Өзі берген сұхбаттарда «бір кездері жұлдыз аурына шалдыққаным бар» деп ашылып айтты. Продюсерінің қаталдығының арқасында қалыпқа келіп, ес жиып алғанын мойындайды.   

Аминка Витаминка – YouTube жұлдызы

Амина Малгаждарды танымайтындар кемде-кем шығар. 2011 жылы Алматыда өмірге келген жас блогер — қазақстандық YouTube-та миллиондаған оқырман жинаған алғашқылардың бірі.  Бар болғаны 2 жылда миллион деген межеге жеткен. Қазір Аминаның жасы 14-те. Бірақ бірінші видеоларын 3 жасар кезінен түсірген. Ол қазір актриса, дубляж жасайды.

Бір жылдары отбасымен Мәскеуге көшіп, сол жақта тұрып келді. Қазір Қазақстанда тұрады. ТикТок желісінде тренд видеолар түсіреді. «Бәрі өз қолыңда», «Губдай, мой бай!», «Той любой ценой», «Келинка тоже человек» фильмдеріне түсті. Inside Out 2 фильмінде Райлиді дыбыстады.    

Расул Ғалымұлы – жас шоу-мен

Расулдың блог жүргізіп бастаған кезі көпшіліктің көз алдында. Танымал жайдарман жұлдызы Ғалым Махамбетовтың ұлы. Расул телебағдарламаларға, сериалдарға кішкентайынан түсті. Тауып айтатын сөздері, харизмасы жұртқа ұнайды. Қазір ол инстаграм желісінде белсенді. Әсіресе, инста-сериалдарға жиі түседі. Белгілі брендтермен коллаборация жасайды.

Сымбат Абайқызы – Instagram жұлдызы

Сымбат – белгілі әнші Абай Бегейдің қызы. Кішкентайында ән айтатын. Сонысына қарап көпшілік оны әкесінің ізін жалғап, әнші болады деп ойлаған. Дегенмен Сымбат сахнаға шықпайды. Той-жиындарда тарту ретінде ән-шашу арнайтыны болмаса, бүгінде блогерлікке бет бұрған. Былтыр жазда тұрмысқа шыққанда бұл жаңалық ел арасында өте қатты талқыланды. Оқырман «қайда асықты екен», «әлі жүре тұрмады ма» деп қатты алаңдады. Өзі де түбі ақтаулық қыз жерлесіне шықты. Қазір жолдасымен Алматыда тұрады. Күнделікті өмірін салып отырады. 

.