Қазақстанда әскерге шақырудың нақты мерзімдері белгіленді

Қазақстанда әскерге шақыру тәртібі қайта өзгерді. Тиісті түзетулер Үкіметтің қаулысымен енгізілді.
Құжатқа сәйкес, мерзімді әскери қызметке шақырудың нақты мерзімдері бекітілді. Енді жастар шақырту қағазын қай кезде келетінін, ал әскери бөлімдер қай уақытта жұмысын бастайтынын алдын ала біле алады.
Мерзімді әскери қызметке шақыру жылына екі рет нақты белгіленген уақытта өтеді:
- көктемде: 1 наурыздан 30 маусымға дейін;
- күзде: 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін.
Бұған дейін екінші кезең жас сарбаздарды жөнелту уақытына байланысты белгіленіп келгендіктен, кестеде түсініксіздік туындайтын. Енді бұл мәселе шешімін тапты.
Әскери қызметке шақыру тәртібіне енгізілген басқа да өзгерістермен НҚА эталондық бақылау банкінің сайтынан танысуға болады. Қаулы ресми жарияланғаннан кейін 10 күннен соң, яғни 29 шілдеде күшіне енеді.
Айта кетейік, әскер қатарына шақырылушыларға повестка тек қағаз түрінде ғана емес, электронды форматта да жолданады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Әскери-патриоттық тәрбие, әскери қызмет және орталық мемлекеттік органдардың кейбір функцияларын қайта бөлу мәселелері» жөніндегі заңда көрсетілген.