Chevrolet Cobalt енді Яндекстің «Комфорт» тарифінде жүре алмайды

15 тамызынан бастап Қазақстанда такси көліктеріне қойылатын жаңа талаптар күшіне енеді. Осыған байланысты «Комфорт» тарифінен бірнеше танымал автокөлік моделі алынып тасталады. Олардың қатарында Chevrolet Cobalt та бар.
Бұл көліктер, жабдықталуына не шығарылған жылына қарамастан, енді осы сегментте тапсырыс орындай алмайды.
15 тамыздан бастап «Комфорт» тарифіне қосуға тыйым салынатын модельдер:
- Chevrolet Cobalt
- Ravon R4
- Changan Alsvin
Яндекс Такси өкілдері «Курсивке» берген түсініктемесінде егер көлік 15 тамызға дейін тіркеліп, кем дегенде бір тапсырыс орындаған болса, оған жаңа ереже әсер етпейтінін айтты, яғни «Комфорт» тарифіне қатысуы жалғасады. Ал жоғарыда аталған модельдер 15 тамыздан кейін тіркелсе, тек «Эконом» және «Жеткізу» тарифтерінде ғана жұмыс істей алады.
Яғни бұл өзгеріс тек жаңа тіркелетін көліктерге қатысты. «Комфорт» тарифіне сай келетін барлық көлік модельдерінің тізімі сервис сайтында және мобильді қосымшада қолжетімді.
Chevrolet Cobalt – такси қызметін ұсынатын жүргізушілер арасында танымал модель. Ол бюджеттік бағасымен, кең салонымен тартымды. Өзінің бірқатар кемшілігіне қарамастан, ең көп сатылатын модельдер тізімінде үнемі үздік үштіктен табылып келеді.