Mercedes-Benz жол апатынан құтқаратын жүйені енгізді

Жарияланды 23 Шілде 2025 15:41

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Mercedes жол үстінде жұмыс істеуге арналған Microsoft Teams жүйесімен жабдықталған жаңа CLA моделін таныстырды / Фото: carscoops.com

Германиялық Mercedes-Benz Microsoft компаниясымен келісімге қол қойды. Бұл келісім аясында бренд өз автокөліктеріне MB.OS операциялық жүйесін енгізеді.

Motor1 порталының хабарлауынша, MB.OS жүйесіне Microsoft Intune және Microsoft Teams сервистерімен қатар, жасанды интеллектке негізделген 365 Copilot жүйесі де орнатылады.

Компанияның мәліметінше, жаңа автокөліктер енді толыққанды жұмыс кеңістігіне айналады, яғни жүргізуші рөлде отырып-ақ мессенджерлер арқылы хабарламаларға жауап бере алады. Сондай-ақ Microsoft Teams платформасы арқылы бейнеконференцияларға қатыса алады. Айта кету керек, бұл функция барлық елде қолжетімді болмайды. Өйткені кейбір мемлекеттерде жол үстінде бейнебайланысқа тыйым салынған. Ал бейнеконференция аяқталысымен бұл функция автоматты түрде сөнеді. Бұл кез келген тәуекелді болдырмауға мүмкіндік береді. Бұған қоса, пайдаланушы камераны өз қолымен де сөндіре алады, бұл жеке мәліметтердің құпиялығын барынша сақтауға мүмкіндік береді.

MB.OS операциялық жүйесі орнатылатын алғашқы көлік — электрлі седан Mercedes-Benz CLA. Бұл модель 2026 жылы сатылымға шығарылады. Жүйенің базалық жинақтамада болатыны не болмайтыны әзірге белгісіз.

Аталмыш жаңашылдық алдымен АҚШ пен Еуропада іске қосылады. Кейіннен жоба өзге өңірлерге де жүзеге асады деген жоспар бар.

Еске сала кетсек, Mercedes-Benz 2024 жылдың қорытындысы бойынша әлемдегі ең танымал автокөлік брендтерінің ондығына енді. Компания бір жылда 2,18 миллион автокөлік сатып, 2023 жылмен салыстырғанда сатылымын 1,5%-ға арттырды.

Дегенмен осыған дейін Toyota, BMW, Volkswagen және Mercedes-Benz көліктерінің қауіпсіздігіне қатысты үлкен дау-дамай туындаған еді. Өндірушілердің үстінен шағым түсті. Қорғаныс жастықшасындағы газ жарылысқа әкеліп соғып, жүргізушінің өміріне қауіп төндіруі әбден мүмкін. Тіпті, өлім жағдайына әкелуі де мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз