Қазақстанда 11 мыңнан аса сайт бұғатталды. Себеп неде

Биыл жыл басынан бері Қазақстанда 11 мыңнан астам сайт жұмысын тоқтатты. Оның басым көпшілігі сот шешімінсіз, тіпті ешқандай ескертусіз жүзеге асқан. Яғни, сайт бір күнде ашылмай қалады. Мұндай деректерді талдау мен жинауды Maqsut Narikbayev University журналистика мектебінің студенттері әзірледі.
Олар елдегі интернет-цензура қалай жұмыс істейтінін зерттеп, оның ауқымды әрі барынша жабық сипат алғанын анықтап көрген.
Сайт жоғалады — себебі айтылмайды
Мысалы, youth.kz сайты адам құқықтары туралы жастарға ақпарат беріп отырған ресурс, алайда, сайт аяқ астынан ашылмай қалған. Жоба командасы ешқандай хат, ескерту немесе сотқа шақырту алмағанын айтады.
Кейін белгілі болғандай, сайт бұғатталған. Бірақ не үшін екенін ешкім түсіндірмеген, жауап бермеген. Тек БАҚ-та резонанс туындағаннан кейін ғана бұғатталған сайт қайта ашылған. Бұл шешімді де ешкім түсіндірмеген. Қазір сайт бақылауға алынған ресурстар тізіміне енгізілген.
Билік қанша сайтты бұғаттады
2014 жылдан бері Қазақстанда 88 мыңнан астам сайт бұғатталған. Соның 37 мыңнан астамы соңғы екі жылдың ішінде жабылған.
– Мәдениет және ақпарат министрлігі — 118 мыңнан астам бұғаттау әрекеті;
– Сот органдары — шамамен 9 мың;
– Бас прокуратура — 68 сайт;
Олардың көпшілігі фейк немесе қысқа мерзімге ашылған сайттар. Алайда кей жағдайда адамдар белсенді қолданған және жұмыс істеп тұрған ресурстар да бұғатталып жатады.
Нені жиі бұғаттайды
Internet Freedom Kazakhstan және Banned in Kazakhstan деректеріне сүйенсек, ең көп бұғатталатын сайттар:
- VPN-сервистер
- Тәуелсіз БАҚ пен құқық қорғау ұйымдарының сайттары
- Онлайн-казино мен қаржы пирамидалары
- «Балаларға зиянды» деп танылған контент
- Экстремистік деп танылған материалдар
175 танымал бұғатталған сайттың ішінде 31 VPN-сервисі, 21 үкіметтік емес ұйымдар сайттары бар. Тіпті кейбірі бірнеше рет бұғатталған.
Сотқа жетпей бұғатталған сайтттар
73 сот ісіне жүргізілген зерттеу нәтижесінде, 87% жағдайда сайт иелері сот процесі жүріп жатқанын мүлде білмеген. Ал істердің басым бөлігін прокуратура бастамашы болған. Негізгі айыптар: есірткі сату, онлайн-казино ұйымдастыру, авторлық құқықты бұзу.
Заңгерлердің айтуынша, егер сайт Қазақстан азаматына тиесілі болса, иесін міндетті түрде сотқа шақыру керек. Бірақ іс жүзінде бұл талап жиі еленбейді.
Internet Freedom Kazakhstan ұйымының өкілі Елжан Қабышевтің айтуынша, сайттарды бұғаттау қалыпты жағдайға айналып кеткен.
Қазіргі таңда техникалық құралдар арқылы сайттарға қолжетімділікті оп-оңай шектеуге болады. Мысалы, 2020 жылғы кибержаттығу кезінде Қазақстанда тіпті ДДСҰ секілді халықаралық ұйымдардың сайттары ашылмаған.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай әрекеттер интернетке деген сенімді азайтады.
«404 қатесі»
Бұғатталған сайттар қатарында Amnesty International, Change.org, Vice News және Kloop бар. Соңғысы – балалар-джихадшылар туралы материал жариялағаннан кейін бұғатталды. Редакция мақаланы өшіруден бас тартып, «ақпарат тарату – қылмыс емес» деп түсіндірді.
Қауіпсіздік деген желеумен бұғатталғандар
Қағаз жүзінде бұл әрекеттер келесідей уәждермен негізделеді:
- экстремизммен күрес;
- балаларды қорғау;
- есірткі мен құмар ойындарға тосқауыл қою;
- митинг туралы заңды сақтау.
Алайда құқық қорғаушылардың пікірінше, шын мәнінде бұғатталатындар билікті сынағандар, адам құқықтарын көтергендер немесе жай ғана ыңғайсыз контент таратқандар.
Сарапшылар не ұсынады?
- Бұғаттау тәртібі ашық әрі түсінікті болуы тиіс;
- Сайт иелеріне өздерін қорғауға мүмкіндік берілуі керек;
- Автоматты бұғаттаудан бас тарту қажет.