Шымкентте елуге жуық көшеде жарық сөніп қалды

Жарияланды
Фото: kursiv.media

23 шілде күні Шымкентте елуге жуық көше мен бірнеше ықшам ауданда жарық сөніп қалды. «ОңтүстікЖарықТарнзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің хабарлауынша, бұған аптап ыстықта электр энергиясына жүктеме артып, электр желілерінің тозығы жеткені сеп болған.

Соңғы күндері Шымкентте аптап ыстықта қаланың бірнеше ықшам ауданында жарықтың сөнуі жиіледі. Бұған наразы тұрғындар әлеуметтік желі арқылы біріннен соң бірі шағымданып жатыр.

«Оңтаев көшесі 42 үй тұрғынымын. Неге бізде үнемі жарықты өшіре береді. Күн ыстық, үйде бала-шаға бар. Көрші үйлерде қариялар бар. Дүкендердегі мұздатқышта заттың бәрі еріп жатыр. Кім жауап береді соған?», – дейді қала тұрғыны әлуметтік желіде.

Жарықтың жиі сөніп жатқанын «Оңтүстік Жарық Транзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мекемесі жоққа шығармайды. Мекеменің мәліметінше, қаланың бірқатар ықшам аудандарында электр энергиясы апатты жағдайда өшкен. Бұл жағдайға жүктеменің күрт артуы мен техникалық ақаулар себеп болған. Ал кей ықшам аудандарда электр қуаты шектелген.

«Ауа райының күрт ысуына байланысты электр энергиясына деген сұраныс күрт артты. Соның салдарынан электр желілері жүктеменің көбеюінен кейбір аудандардың жарығы апатты жағдайда өшті», – дейді мекеме өкілі Азат Исрайлов.

Серіктестіктің Kursiv.Media-ға хабарлауынша, жөндеу жұмысы әлі де жалғасып жатыр. Мекеме қызметкерлері толық құрамда апатты жою және жүйені қалпына келтіру үшін күшейтілген тәртіппен жұмыс істеп жатыр.

Айта кетейік, шілде кіргелі Шымкентте күн күрт ысып кетті. Қала әкімдігінің мәліметінше, қалада электр энергиясын пайдалану артқан. Мысалы, бұрын сұраныс 350 мегаватт болса, аптап ыстықта 459 мегаватқа жеткен. Оған қоса электр желілерінің тозығы 50%-дан асқан.

Бұған дейін де Шымкент қаласында электр энергиясын тұтыну бойынша уақытша шектеулер қойылған. Ол кезде де ауа райының күрт ысып кеткені себеп болған.

Сондай-ақ оқыңыз