Жәбірленуші Ғайни Алашбаеваның жазасын жеңілдетуге түбегейлі қарсы

Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық істегі жәбірленуші Руслан Тумашев сотталушылардың жазасын жеңілдетуге қарсы екенін айтты, деп хабарлайды KursivMedia.
«Қаражатты мобильді қосымша арқылы Biz Birgemiz қайырымдылық қоры шотына аудардым. Бұл қор туралы алғаш рет экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлерінен естідім. Айыптау тарапының ұстанымын толық қолдаймын, прокурор пікіріне қосыламын.
Жәбірленушілердің біразы (сотталушының – ред.) жасына немесе жағдайына қарай жазаны жеңілдетуді сұрап жатыр. Меніңше, мұндай әрекетті түбегейлі тоқтату керек», – дейді жәбірленуші.
Тумашев жасына немесе басқа жағдайға жеңілдік жасамауды сұрап отыр.
Сондай-ақ азаматтық талабын қанағаттандыруды сұрады.
Тағы бір жәбірленуші Әмина Аймағанбетова қорға 1 миллион теңге аударған. Ол Перизат Қайраттың анасын қызына дер кезінде тоқтау салмағаны үшін айыптады.
«Менің ойымша, барынша қатаң жаза қолдану керек. Анасы миллиардтаған ақшаны ұрлап жүрген қызын неге тоқтатпады?» – деді ол.
Айта кетейік, прокурор сотталушы Перизат Қайратты 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал анасы Ғайни Алашбаеваны 8 жылға соттауды сұрап отыр.