Оралда Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті. Кездесуде бұған дейінгі уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
2024 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 27,8 млрд долларға жетті, 2025 жылғы қаңтар-мамырда 9,6 млрд долларды құрады.
«Мемлекеттер басшыларының тапсырмасы бойынша біз өзара сауда көлемін 30 млрд долларға дейін ұлғайту бойынша мақсатты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Инвестициялық ынтымақтастықта зор мүмкіндіктер бар. Жалпы екіжақты өзара іс-қимыл мәселелерінің кең ауқымын шешуде ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тиімді қызметін атап өткім келеді», – деді Олжас Бектенов.
Үкімет баспасөз қызметінің хабарлауынша, екі мемлекет арасындағы әріптестікті тереңдету аясында күзде Оралда өтетін Қазақстан мен Ресейдің XXI өңіраралық ынтымақтастық форумының дайындық барысына ерекше назар аударылды.
Айта кетейік, 2025 жылдың екінші тоқсанында 720-дан аса ресейлік компания Қазақстаннан кетті.