Перизат Қайрат ісіндегі жәбірленуші үкім шығарарда анасының жасын ескеруді сұрады

Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Жарыссөз барысында жәбірленуші ретінде «ForteBank» АҚ маркетинг жөніндегі директоры Антон Ким қатысты.
«Қайрат пен Алашбаеваға қатысты қаралып жатқан іс барысында олардың кінәсі толық дәлелденді деп есептеймін. Азаматтық талап-арызымды толық көлемде қанағаттандыруды сұраймын. Жазаға қатысты айтарым, прокурордың ұстанымын қолдаймын. Тек Алашбаеваның жасы мен денсаулығын ескеруді сұраймын», – деді Ким.
Айтуынша, осындай оқиғалар қайырымдылық туралы қоғамдық пікірге теріс әсер етеді.
«Біз реформалар мен өзгерістер туралы жиі айтамыз, қоғамның әл-ауқатын арттырып, зорлық-зомбылықты жою қажет дейміз. Алайда осындай оқиғалар қоғам мен мемлекеттің, үкіметтік емес ұйымдардың істеп жатқан барлық еңбегін жоққа шығарып жатады. Мемлекет пен қоғамдық ұйымдар адамдардың сенімін арттыру үшін көп жұмыс істеп жатыр. «Біз Біргеміз» қоры адамдардың сеніміне әсер етті. Бұрын қайырымдылыққа ақша аударып жүрген адам енді мың рет ойланады», – дейді ол.
Айта кетейік, Антон Ким өз атынан қайырымдылық қорының шотына 500 мың теңге аударған.
10 жылға соттауды сұрады
Айта кетейік, прокурор сотталушы Перизат Қайратты 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Прокурорлар қылмыстық істе жазаны жеңілдететін мән-жайлар жоқ екенін айтады. Керісінше, жазаны ауырлататын жағдайлар бар деп есептейді, себебі әрекет төтенше жағдай кезінде жасалған.
Прокурор Арман Казекен соттан Перизат Кайратты ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша – «Алаяқтық» қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп тануды сұрады. Осы бап бойынша оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынды.
Сондай-ақ, ҚР ҚК 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы – «Аса ірі көлемде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату)» бойынша 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу жазасын тағайындауды сұрады.
Осылайша қылмыстық құқықбұзушылықтардың жиынтығы бойынша жазаларды ішінара қосу жолымен түпкілікті жаза ретінде 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.