Жаркенттегі әскеридің қазасы: майор мен үш сарбазға сот үкімі шықты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Жаркент гарнизонында қаза тапқан әскеридің ісінде сот үкімі шықты/коллаж kursiv.media

Жаркент әскери гарнизонында қаза тапқан әскери капитан Дархан Дәулет ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды KursivMedia. Сот үкімін тыңдауға Zoom арқылы басқа да әскери бөлімдер, әскери институт, қорғаныс саласы бойынша облыс департаменттері қосылды.

Істі Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотта судья Еркін Шәріпбеков қарады.

Майор мен үш сарбаз айыпталды

Дархан Дәулет Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылында 5 жыл қызмет еткен. 2024 жылдың қыркүйегінде Жаркент әскери гарнизонына инженерлік бөлімнің бастығы болып ауысқан. 2024 жылдың 13 қарашасынан 14 қарашасына қараған түні тәуліктік кезекшілікке түскен. 26 жастағы әскери сол түні қайтыс болған.

Сотталушылар қатарында 4 адам бар: майор Дархан Қазтай 1988 жылы туған, ал үш сарбаз – Нұрман Әбсадық, Бақберген Рустамұлы, Аят Шакир 19-20 жаста.

Жарыссөз барысында прокурор майор Дархан Қазтайды 16 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал сарбаз Бақберген Рустамұлы мен Аят Шакирді 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Төртінші сотталушы Нұрман Әбсадықты 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.

Сот үкімі

Дархан Қазтайға қылмыстық кодекстің 451-бабы 2-бөлігі – ауыр зардаптарға әкеп соққан билікті асыра пайдалану, 28-бабының 3-бөлігі – 439-бабының 3-бөлігі – адам өліміне әкеп соққан алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып бастықтың әскери қызмет міндеттерін орындауы кезінде оған қатысты өзге де күш қолдануды ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп танылып, түпкілікті 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол майор шенінен айырылды. Жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

Бақберген Рустамұлы, Аят Шакир қылмыстық кодекстің 439-бабы 3-бөлігі – адам өліміне әкеп соққан алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып бастықтың әскери қызмет міндеттерін орындауы кезінде оған қатысты өзге де күш қолданғаны үшін кінәлі деп танылып, 12 жылға бас бостандығынан айырылды.

Нұрман Әбсадық қылмыстық кодекстің 439-бабы 3-бөлігі – адам өліміне әкеп соққан алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып бастықтың әскери қызмет міндеттерін орындауы кезінде оған қатысты өзге де күш қолданғаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сарбаздарға үкім шығарған кезде сот олардың жасын, 18-19 жаста екені ескерілген. Ал жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде Дархан Қазтайдың кәмелетке толмаған 4 баласы бар екенін ескерген.

Талап арыз ішінара қанағаттандырылды

Судья Еркін Шәріпбеков шығарған үкімге сәйкес, марқұмның анасы Назгүл Дошибекованың сотталушылардан 100 млн теңге өндіру туралы талап арызы ішінара қанағаттандырылды. Осылайша марқұмның анасының пайдасына Қазтайдан 6 млн теңге, Рустамұлы мен Шакирден 5 млн теңгеден, Әбсадықтан 4 млн теңге өндірілетін болды.

Жаркент гарнизонында не болған?

Айыптау актісіне сәйкес, Жаркент әскери гарнизонында батальон командирі Дархан Қазтай өзінің құқығы мен өкілеті шегінен шығып, әскери бөлім аумағында әскери қызметшілерге, оның ішінде басшылық құрамына қатысты, олардың әскери қызмет міндеттерін орындауы кезінде өзге де күш қолдану арқылы әскери қылмыстық құқық бұзушылық жасауға бағытталған қылмыстық ойын жүзеге асыру мақсатында мерзімді әскери қызметшілер Рустамұлы, Шакирге көрінеу заңсыз бұйрық берген. Батальон бойынша кезекшілер қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кедергі келтірсе, өз тарапынан қолдау болатынын айтқан.

Ал мерзімді әскери қызметшілер Рустамұлы, Шакир батальон командирі Дархан Қазтай тарапынан қолдауға ие болып, оның бұйрығын орындауға өз еріктерімен келісім берген.

«Дархан Қазтай әскери бөлім аумағында әскери қызметшілерге, оның ішінде басшылық құрамына қатысты күш қолдануға бағытталған қылмыстық ойын жүзеге асырып, яғни күш қолдану арқылы қол-аяғын байлап, үнін шығармау үшін аузын жауып, шеткері жерге тастап кетуі салдарынан денсаулыққа аса зиян келіп, адам өліміне әкеп соғу мүмкіндігін түсініп, соған қарамастан өзіне бағынышты мерзімді әскери қызметшілер Рустамұлы, Шакирге көрінеу заңсыз бұйрық беріп қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастырған», – делінген айыптау актісінде.

Бұған дейінгі сот отырысында сотталушы Дархан Қазтай соттағы соңғы сөзінде ешкімге адам өлтіру туралы тапсырма бермегенін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз