Жаңалықтар

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі 20%-ға азайды – ІІМ

Тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі азайды/фото: shutterstock

Елімізде кейінгі үш жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша өтініштер саны 35%-ға азайған. 2025 жылдың басынан бергі көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 20%-ға төмендеген. Бұл туралы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында айтылды.

Сондай-ақ ішкі істер министрлігі отбасылық-тұрмыстық қылмыстар саны 34,9%-ға қысқарғанын мәлімдеді.

Премьер-министр Олжас Бектенов зорлық-зомбылықтың алдын алу, ведомствоаралық үйлестіруді нығайту, халық арасында ақпараттық жұмысты кеңейту және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі шаралар мен психологиялық көмек көрсету шараларын күшейту қажеттігіне назар аударды.

Жиында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәгері болған балалар мәселесі де талқыланды. Білім министрлігіне мұндай кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және қолдау тетігін әзірлеу тапсырылды. 

Отырыс соңында Бектенов жергілікті атқарушы органдарға рақымшылыққа іліккен азаматтарды кешенді бейімдеуді, сүйемелдеуді және тұрмыстық зорлық-зомбылықты қоса алғанда, рецидивтердің алдын алуды қамтамасыз етуді тапсырды.

Айта кетейік, бұған дейін 46 мыңнан астам тұрмыстық агрессор жауапкершілікке тартылғаны айтылды.