Балабақшаға бармаған 65 мың бала тамызда 1-сыныпқа даярлық курсынан өтеді

Бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндер мектеп алдындағы бастапқы мүмкіндіктерін теңестіру үшін ұйымдастырылған қысқамерзімді «Балақайлар мектебі» бағдарламасынан өтіп жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл екінші рет ұйымдастырылған бағдарлама балабақшаға бармаған балаларға арналған. Ол мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру стандартына сәйкес әзірленген.
Жаздың екі айында мектепалды даярлық курстарын шамамен 25 мыңға жуық бала оқыған. Оқыту мерзімі бір айға есептелген. Сабақтар күн сайын 30 минуттан, 10 минуттық үзілістермен өтеді.
«Балаларға бастауыш сыныптың білікті мұғалімдері немесе мектепалды даярлық педагогтері сабақ береді. Әсіресе, балалардың физикалық, коммуникативтік, зияткерлік, шығармашылық және әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын дамытуға, сондай-ақ мектепке деген оң көзқарас қалыптастыруға баса назар аударылады», – деді мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова.
Тамыз айында шамамен тағы да 5,3 мың топ құрып, 65,2 мың баланы қамту жоспарлануда. Осылайша, биылғы жазда қысқа мерзімді мектепалды даярлық курстары 90 мыңға жуық бала қамтымақ.
Бұған дейін, KursivMedia-ның YouTube редакциясы елдегі білім теңсіздігі проблемасы туралы деректі фильм түсірген. Соның барысында ғалымдар PISA зерттеуі бойынша ауыл мектептері үш сыныпқа артта қалғанын айтқан болатын.