Дархан Сатыбалды «Барахолкадағы» өрт қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Дархан Сатыбалды «Барахолкадағы» өрт қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды/Фото: Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісу ауданында бірқатар өзекті мәселе талқыланған жұмыс жиынын өткізді. Кеңеске аудан әкімдігі, салалық басқармалар, коммуналдық қызметтер мен тиісті мекемелердің өкілдері қатысқан.

Күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі Солтүстік айналма жол бойындағы рұқсатсыз сауда орындары болған.. Атап айтқанда, осы жол мен Жұмабаев көшесінің бойынан бейберекет сауда нүктелері көптеп анықталған. Аудандық полиция өкілдерінің мәліметінше, биыл жыл басынан бері осы факті бойынша 756 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 4 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұл бағыттағы рейдтік шаралар жалғасып келеді.

Жиын барысында базар аумақтарындағы өрт қауіпсіздігі де жеке қаралған. 2022 жылдың қарашасынан бері бұл аумақта бірнеше өрт оқиғасы тіркелген. Оған электр сымдарының қысқа тұйықталуы, алғашқы өрт сөндіру құралдарының болмауы және қасақана өрт қою себеп болған. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері нысан иелеріне ескерту үнемі табысталатынын, ал заңбұзушылықтар бойынша материалдар сотқа жолданатынын хабарлады.

«Егер жағдай өзгермей, нәтиже шықпаса, онда бұдан да қатаң шаралар қабылдануға тиіс», – деді Алматы әкімі ТЖД өкілдеріне қарата сөйлеген сөзінде.

Кеңесте сондай-ақ инженерлік желілердің құрылысы, оларды коммуналдық меншікке өткізу, жол жөндеу жұмыстары, сондай-ақ «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың сапасы сөз болған. Сонымен қатар, Жетісу ауданындағы денсаулық сақтау және білім беру мекемелерінің жай-күйі талқыланған.

Қала басшысы басталған барлық жұмыстың дер кезінде аяқталуы қажеттігін қатаң ескерткен.

«Ең бастысы, жарық, су, газ секілді әр адам күнделікті тұтынатын негізгі қажеттіліктерден ешкім тапшылық көрмеуі керек. Сондықтан бірде-бір жоба созылып кетпеуге тиіс. Егер бір істі қолға алсаңыздар, соңына дейін жеткізіңіздер. Барлық жоба 1 қыркүйекке дейін аяқталуы қажет», – деді Дархан Сатыбалды.

Алматы әкімі жиын аясында Жетісу ауданының тұрғындарын қабылдап, оларды толғандырған түйткілдерді тыңдағаны хабарланды. Атап айтқанда, тұрғын үй қорын жаңғырту, жер теліміне және Уссурийская көшесіндегі жеке секторды орталық кәріз жүйесіне қосу жайы талқыланған. Әрбір өтініш бойынша жауап беріліп, шешу жолдары мен орындалу мерзімі белгіленген.

Бұған дейін, енді әкімдік «барахолкадағы» жабайы сауда үшін полицияны күтпей айыппұл сала алатын құзыретке ие болған.

Сондай-ақ оқыңыз