Келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдау уақыты қысқарады

ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев әскери саланы цифрландыру барысын таныстырды.
Ол алдағы уақытта әскери қызметшінің бірыңғай жеке кабинеті құрылатынын жеткізді.
«Мақсат – egov.kz порталы сияқты заманауи, ыңғайлы және ашық жүйе құру, онда әскери қызметші қызмет еткен мерзімін, қашан демалыс алатынын, келесі атақ қашан берілетінін, рапорттар мен бұйрықтарды көреді, сондай-ақ әртүрлі қызметтерді алады. Мұның бәрін әскери е-Gov-қа аударамыз», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Вице-министр таныстырған тағы бір цифрлық жоба – келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдайтын «Jauynger.gov.kz» порталы. Портал көмегімен енді Қарулы Күштердің қатарына қосылу оңайырақ әрі жылдамырақ бола түседі. Портал 10-нан астам ақпараттық жүйемен интеграцияланған. Соның арқасында келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдау мерзімі 6 айдан 1 айға дейін қысқарады.
Бұған дейін, Қазақстанда әскерге шақырудың нақты мерзімдері белгіленетінін хабарлағанбыз. Оған сай, енді жастар шақырту қағазын қай кезде келетінін, ал әскери бөлімдер қай уақытта жұмысын бастайтынын алдын ала біле алады.