Қазақстан Өзбекстанға 500 жас киік беруі мүмкін

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстан Өзбекстанға 500 киік береді деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
Министрлік Өзбекстан Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігімен киікті сақтау саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қоюға дайындық жүріп жатқанын растады.
Қазіргі таңда меморандум жобасы жұмыс тәртібіне сай, Қазақстан тарапына ұсынылып, ол қарастырылып жатыр.
«Осы мәселенің табиғатты қорғау маңыздылығын ескере отырып, Меморандумның мазмұны екі елдің жауапты ғылыми мекемелері мен уәкілетті мемлекеттік органдарын тарта отырып, пысықтауды талап ететінін атап өткен жөн. Сонымен қатар, жануарлар дүниесі өкілдерін беру, сондай-ақ меморандум жасасу мәселелері мемлекетаралық санатқа жатады және тиісті деңгейде шешім қабылдауды талап етеді», – делінген министрлік хабарламасында.
Бұған дейін, Өзбекстан Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігі Қазақстаннан 500 жас киікті Өзбекстанға көшіруді жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Хабарламада өзбек мамандары киіктердің жергілікті ортаға бейімделуін зерттейтіні, бұл сирек кездесетін түрді сақтау жолындағы маңызды қадамдардың бірі екенін айтылған.
Қазақстанда саны артып, ауыл шаруашылығы саласына зиянын тигізіп жатқан киік популяциясын реттеу жүріп жатыр. Үкімет киікті атып, етін комбинаттарға өткізуді, аз бөлігін көршілес елдерге беруді жоспарлап отыр. Соның аясында жуырда БҚО-да киік ату басталған. Алдын ала мәлімет бойынша 800 мың бас киік етке өткізілуі мүмкін. Алайда агромаман Кирилл Павлов комбинаттарға өткізілетін жануар етінде түрлі ауру болуы мүмкін екенін ескерткен.
2025 жылғы көктемгі есепке сәйкес, Қазақстанда 3,9 млн киік бар. Оның ішінде 2,3 млн – Орал популяциясы, 1,6 млн – Бетпақдала популяциясы, ал 78 мың – Үстірт популяциясы.