Ресейде жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Ресейде жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады/Фото: «Ангара» әуекомпаниясы/Ria.ru

Ресейдің Амур облысында Ан-24 ұшағы жоғалып кетіп, Тында қаласының маңында құлағаны туралы ақпарат шықты. Бұл туралы шұғыл қызметтерге сілтеп «Интерфакс» агенттігі хабарлады.

«Тындадан 15 шақырым жерде, тау беткейінен Ан-24 ұшағының сынықтары табылды. Ұшақ толық қираған», – деген шұғыл қызмет өкілдері.

«Ангара» әуе компаниясына тиесілі Ан-24 ұшағы бейсенбі күні жергілікті уақытпен 07:36-да (Мәскеу уақытымен 00:36) Хабаровск-Благовещенск-Тында бағыты бойынша ұшып шыққан. Тында әуежайынан бірнеше шақырым жерде радарлардан жоғалып, байланысқа шықпай қалған.

Шұғыл қызметтердің мәліметінше, ұшақ бортында 46 адам болған болуы мүмкін, оның ішінде 40 жолаушы.

Риа-новости агенттігі бортта 43 адам болғанын, олардың бәрі қаза тапқан болуы мүмкін екенін жазды. Ұшақ құлаған жер нулы болғандықтан, онда жету қиын екені, аман қалғандар оқиға орнын тексеру кезінде табылуы мүмкін екені хабарланды.

Интерфакс мәліметінше, апатқа қатысты РФ Қылмыстық кодексінің 263-бабы 3-бөлігі бойынша (әуе көлігін пайдалану немесе қозғалыс қауіпсіздігі ережелерін бұзу, үштен астам адамның өліміне әкелген жағдайда) қылмыстық іс қозғалған.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ұшақта ел азаматтарының болғаны туралы ақпарат түспегенін, тексеру жалғасып жатқанын жеткізді.

Бұған дейін, Үндістанда ұшақ апатқа ұшырап, 279 адам қаза тапқан.

Сондай-ақ оқыңыз