Ресейдегі ұшақ апатының алдын ала себебі айтылды

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Ресейдегі ұшақ апатының алдын ала себебі айтылды
Ресейдегі ұшақ апатының алдын ала себебі айтылды/Фото: Видео кадры/rian_ru

Ресейдің Амур облысындағы Ан-24 ұшағының апатына экипаждың қате әрекеті немесе техниканың істен шығуы себеп болуы мүмкін, деп хабарлады «Интерфакс».

Шұғыл қызметке сілтеген агенттік апат болған ауданда метеожағдай күрделі болғанын атап өткен.

«Бұлттылық төмен, ұшу жолағы дымқыл, үйкеліс коэффициенті ең төмен деңгейде болды. Ұшақ бірден қона алмай, екінші шеңберге кетуге мәжбүр болған. Екінші айналымға шыққанда экипаж қателік жіберген болуы мүмкін немесе техника істен шығуы ықтимал. Қазіргі таңда осы нұсқалардың барлығы қарастырылып жатыр», – деген шұғыл қызмет өкілдері.

РБК агенттігі Амур облысының Азаматтық қорғау және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету орталығына сілтеп апат болған жерді әуеден шолу барысында тірі қалғандар анықталмағынын хабарлады.

Апат орнына 25 құтқарушыдан құралған топ жолға шыққан.

«Ұшақты тапқан Росавиация тікұшағының қазіргі міндеті – құтқарушылар тобын жерге түсіруге қолайлы орынды анықтау. Осы топ апат орнын жерден мұқият тексеруге тиіс. Мүмкін, олар қонған да шығар. Бірақ бізде бұл жөнінде нақты мәлімет жоқ», – деп хабарлаған орталықтағылар.

Ан-24 ұшағы әуелі радардан жоғалып, кейін апатқа ұшыраған. Ұшақ бортында 40-тан астам адам болған.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ұшақта ел азаматтарының болғаны туралы ақпарат түспегенін, тексеру жалғасып жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз