Доллар бағамы рекорд жаңартты: Ұлттық банк пен сарапшылар не дейді?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Доллардың қымбаттауына не себеп / Фото: Shutterstock

2025 жылғы 23 шілдеде Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттық нәтижесінде доллар бағамы 538,64 теңгеге жетіп, тарихи рекорд орнатты. Бір күн ішінде ұлттық валюта 6,21 теңгеге әлсіреді. Сауда көлемі де жоғары болды — 270,9 млн доллар.

Теңгенің құнсыздануына не себеп

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары бұл жағдайды макроэкономикалық көрсеткіштермен түсіндіру қиын екенін айтады. Олардың пікірінше, қазіргі теңге әлсіреуіне негізінен психологиялық және алыпсатар фактор әсер етіп жатыр. Нарық қатысушылары дүрбелеңге еріп, жаппай доллар сатып алуына байланысты көкқағаз құны шарықтады.

Сарапшылардың айтуынша, теңгенің әлсіреуі импорттық тауарлардың қымбаттауына алып келеді. Бұл өз кезегінде инфляциялық қысымды күшейтіп, базалық мөлшерлеменің жоғары деңгейде ұзақ сақталу қаупін арттырады. Осы орайда сарапшылар Ұлттық банктің нарыққа араласып, интервенция жасағаны жөн деп тұжырымдайды.

Ұлттық банктің ұстанымы қандай?

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова да соңғы күндері теңге бағамының ауытқуына экономикалық негіз жоқ екенін атап өтті. Оның айтуынша, теңге бағамының ауытқуына бірқатар маусымдық факторлар әсер еткен.

Атап айтқанда, жыл ортасынан бастап импорттық төлемдер мен туристік сапарлар көбейіп, шетел валютасына сұраныс өседі. Бұл кезде импорт көлемі жыл басынан бергі орташа деңгейден 25%-ға артады, ал биржадағы сауда көлемі 22%-ға жоғары болады.

Сондай-ақ валюта нарығында шетел валютасының ұсынысы төмендеп, әсіресе квазимемлекеттік сектордың сатылымдары азайған. Бұл нарықтағы өтімділіктің азаюы мен доллар бағамының қымбаттауына түрткі болған

Әлия Молдабекова бұл ретте сыртқы экономикалық жағдай тұрақты екенін айтады. Мәселен, мұнай бағасы шамамен 70 доллар деңгейінде, жаһандық доллар индексі әлсіреп жатыр, инвесторлар тәуекелді активтерге қызығушылық танытып отыр. Яғни, сыртқы ортада валюта бағамына қысым түсіретін факторлар байқалмайды.

Осы себепті Ұлттық банк қазіргі теңге әлсіреуін негізсіз деп бағалап отыр. Молдабекованың айтуынша, мұндай жағдайда нарықтың өзі түзету енгізіп, бағам біртіндеп тұрақталуы мүмкін. Алайда, егер валюта нарығы қатты құбылып, өтімділік жетіспесе, Ұлттық банк интервенция жасау құқығын өзінде қалдырады.

«Ұлттық банк валюта нарығына тек ерекше жағдайларда араласады. Соңғы рет интервенция 2024 жылғы желтоқсанда жүргізілді, ол кезде айырбас бағамына қысым көрсеткен нақты сыртқы шоктар болған. Қазіргі жағдайда мұндай факторлар жоқ, сондықтан Ұлттық банк курс қалыптасуына араласпайды», — деді Молдабекова.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Ұлттық банктің шетел валютасын сату әрекеттері тек Ұлттық қордан бюджетке трансферт пен аффинирленген алтын сатып алуға байланысты операциялар аясында жүзеге асырылып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз