МҚҰ портфелінде 90 күн төленбеген қарыз үлесі 15%-дан аспауы тиіс

Микроқаржы ұйымдарына қойылатын талаптар күшейеді: мерзімі өткен қарыздардың үлесі азаюы керек
Қазақстанда микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) төленбегенінен 3 айдан асқан қарыздың үлесін азайтуы тиіс. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдаған қаулыда жазылған.
Соған сәйкес, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап микроқаржы ұйымдарының несие портфеліндегі 90 күннен аса кешіктірілген қарыздың үлесі 15%-дан аспауы керек. Ал 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл шек 10%-ға дейін төмендейді.
Егер ұйым осы шектен асып кетсе, бір жұмыс күнінің ішінде жағдайды түзету жоспарын жасап, Қаржы нарығын реттеу агенттігіне жолдауы тиіс. Бұл жоспарда қандай қарыз және қалай азайтылатыны нақты көрсетілуі керек. Агенттік жоспарды қарап, оны мақұлдайды немесе ескерту жібереді.
Қарыз алушының табысы да есепке алынады
Сонымен қатар, енді МҚҰ қарыз берген кезде адамның табысына қарайтын болады. Яғни, қарыз алушының табысына шаққандағы қарыз көлемі есептеледі. Бұл адамның шектен тыс қарызға батпауына көмектеседі.
2025 жылдың 1 сәуіріндегі мәлімет бойынша, микроқаржы ұйымдарының жалып несие порфтелі 1,6 трлн теңгеден асқан. Соның ішінде 90 күннен астам кешіктірілген қарыз көлем 120 млрд теңгеге жеткен. Бұл жалпы несие көлемінің 7,3%-ын құрайды. Яғни қазіргі көрсеткіштер жаңа талаптарға сай келеді.