Қазақ мұнайының ресейлік порттар арқылы экспорты тоқтаған жоқ

Энергетика министрлігі Қазақстан мұнайын Ресейдің теңіз порттары арқылы тасымалдау тоқтағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Баспасөз қызметінің Kursiv.media-ға берген мәліметіне сәйкес, қазіргі кезде ел мұнайы Қара теңіздегі порттар арқылы тиеліп жатыр.
«Усть-Луга портындағы жағдай бойынша, көлік инфрақұрылымын қорғауды арттыру мақсатында қосымша шаралар енгізілгеніне байланысты «ҚазТрансойл» АҚ «Невская трубопроводная компаниясы» ЖШС-мен келіссөз жүргізіп жатыр», – деліген жауапта.
Бұған дейін Reuters агенттігі Ресейдің жаңа ережесіне байланысты Қазақстан мұнайын Қара теңіз арқылы тасымалдау уақытша тоқтағанын хабарлаған. Атап айтқанда, шетелдік танкерлердің ресейлік порттарға кіру үшін енді Федералдық қауіпсіздік қызметінен арнайы рұқсат алуы қажет. Бұл талап Каспий құбыр желісі консорциумының (КТК) терминалдарына да әсер еткен.
Осы бағыт арқылы Қазақстан мұнайының 80%-дан астамы, оның ішінде Новороссийск порты арқылы жөнелтіледі. Сарапшылар бұл шектеу әлемдік мұнай жеткізілімінің 2%-на әсер етуі мүмкін екенін айтады.