ChatGPT-дің ақылы нұсқасын қолданушылар қосылған құн салығын төлейді

2025 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстан аумағындағы ChatGPT жазылымына қосылған құн салығы (ҚҚС) қосылады. Bluescreen.kz басылымының жазуынша, OpenAI компаниясы бұл туралы пайдаланушыларға электрондық пошта арқылы хабарлаған.
Мысалы, ChatGPT Plus жазылымы бұрын 20 доллар тұрса, енді 22,40 доллар болады. Себебі бұл сомаға 12% ҚҚС қосылады.
Егер заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер болсаңыз, Қазақстанда ҚҚС төлеуші ретінде тіркелген болсаңыз, онда бұл салықты төлемеуге болады.
Ол үшін 2025 жылғы 1 тамызға дейін аккаунтыңыздың салық деректері бөліміне өзіңіздің БСН-ді (БИН) енгізуіңіз керек. Уақытында енгізбеген жағдайда, салық жеке тұлға ретінде төленеді және кейін оны есептен шығара алмайсыз.
2025 жылғы мамырдан бері OpenAI Қазақстанда ҚҚС төлеуші ретінде тіркелген.
OpenAI жасанды интеллект саласында үлкен жобаларды жүзеге асырған америкалық ұйым. Сондай жобаның бірі – ChatGPT жасанды интеллекті. Бұл ЖИ бүгінгі күні әлемнің түкпір-түкпірінде пайдаланылады. Жеке тұлғалар мен ірі компаниялар да осы ЖИ-дің мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланып келеді.