Ұлттық экономика министрлігі бюджет кірісін дұрыс жоспарлай алмай келеді – AERC

Ұлттық экономика министрлігі бюджет кірісін тиімді жоспарлай алмай отыр. AERC сарапшыларының пайымдауынша, Қазақстанда мемлекеттік бюджетті жоспарлау ісіндегі елеулі қате жыл сайын қайталанып келеді. Әсіресе, салық түсімдері бойынша болжам жүйелі түрде орындалмайды. Бұл жағдай елдің қаржылық тұрақтылығына қауіп төндіріп, экономика өсімін тежейді.
AERC сарапшыларының есебіне сәйкес, 2001 жылдан бері Қазақстанда салық түсімдері бойынша орташа қате 17%-ды құрады. Оның ішінде корпоративтік табыс салығы (КПН) бойынша қателік 19%, ал қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша — 16%. Мұндай жүйелі ауытқулар бюджеттің шығыс бөлігінің негізсіз ұлғаюына, тапшылықтың теңгерілмеуіне және қарыз жүктемесінің артуына әкеледі.
Мысалы, 2024 жылы бастапқыда 15,8 трлн теңге салық түсімі жоспарланған, алайда қазынаға 12,3 трлн теңге ғана салық түскен. Яғни, 3,5 трлн теңгеге жуық айырма бар. Бұл сома бюджет шығынын қысқартуға, не артық қарыз алуға мәжбүрлейді.
AERC мамандарының пайымынша, бюджет жоспарлаудағы кемшіліктердің басты себебі – салық түсімдерін болжау әдістерінің әлсіздігі мен институционалдық жүйенің жетілмеуі. Қазіргі жүйе формалды болжам арқылы жыл соңында бірнеше рет түзетіліп, қателікті жасанды түрде нөлге жуықтатуға тырысады. Бірақ бастапқы жоспардың өзі шындықтан алшақ.
AERC талдауында көрсетілгендей, қателердің 68%-ы болжам әдістемесінің әлсіздігінен туындайды. Ал қалған 32%-ы макроэкономикалық алғышарттардың дұрыс болмауы (13%) және толық емес ақпараттың пайдаланылуы (19%) есебінен қалыптасады.
Бюджет жоспарлауда кірістерді, соның ішінде салық түсімдерін нақты болжау аса маңызды. Өйткені осы кезеңде үкімет пен парламент шығын көлемін белгілеп, қазынадағы қаржыны қалай бөлетінін шешеді. Егер кіріс нақты жоспарланбаса, шығыстар да шынайы болмайды.
Салық түсімдерін дәл болжау — фискалдық тұрақтылықтың негізі. Дәл болжам мемлекеттік жоспарлауға сенімділік беріп, экономикаға дер кезінде инвестиция құюға жол ашады. Керісінше, асыра сілтенген кіріс болжамы бюджет тапшылығына, ал төмендетілген болжам қажетсіз үнемдеуге немесе орынсыз қарыз алуға әкеп соғады.
Әлемдік тәжірибе де осыны дәлелдейді. Мысалы, Халықаралық валюта қорының зерттеуіне сәйкес, даму жолындағы елдерде салық түсімі болжамына қатысты қатесі 16%-ды құрайды. Бұл бағдарламалардың сәтсіз аяқталуына себеп болады. Сол сияқты, АҚШ, Жаңа Зеландия және ОЭСР елдері бойынша жүргізілген зерттеулер тәуелсіз болжам жасайтын құрылымдардың болуы болжамның дәлдігін арттыратынын көрсеткен.
AERC сарапшылары Қазақстанда да осындай екі жаңа орган құруды ұсынады:
- Қаржы-салық саясаты жөніндегі тәуелсіз комитет
- Салық түсімдерін болжау жөніндегі құрылымдық бөлімше (Tax Policy Unit — TPU)
TPU – әлемдік тәжірибеде кең таралған құрылым. Ол мемлекеттік қаржы саясатының сараптамалық тірегі болмақ. Мысалы, Ұлыбритания, Канада, Польша, Оңтүстік Корея секілді елдерде TPU Қаржы министрлігі құрамында жұмыс істейді және дербес деректермен (мысалы, салықтық түсімдер, бизнес табыстары, бағалау модельдері) жұмыс істеуге толыққанды мүмкіндікке ие.
Қазақстанда болса салықтық саясат пен болжамды Ұлттық экономика министрлігі жүргізеді. AERC сарапшылары бұл құрылымды Қаржы министрлігіне көшіруді ұсынады. Себебі макроэкономикалық болжам да, салық болжамы да бір мекеменің қолынлда болса, мүдделер қайшылығы туындайды. Бұған қоса, Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті керек мәліметті өзі ұстап отыр.
2024 жылдың қарашасында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ұлттық экономика министрлігіне шүйліккен еді. Себеп – былтыр 10 айда республикалық бюджетке 10 рет өзгеріс енгізілген.