Зейнетақы активтері жыл басынан бері алғаш рет табыс әкеле бастады

Ұлттық банк басқаруындағы 23,5 трлн теңге зейнетақы активі жыл басынан бері алғаш рет инвестициялық табысқа шықты. Биыл 6 айда қазақстандықтардың БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинағын 1,51% табыс алған. Жалпы сомасы 371 млрд долларды құрайды.
Бұған дейінгі бес айда зейнатақы активтері әр айда әртүрлі инвест шығын алған болатын. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова бұл уақытша жағдай екенін айтқан.
«Бұл нақты жоғалған ақша емес, тек активтердің нарықтағы құнының өзгеруіне байланысты қалыптасқан қағаз жүзіндегі шығын. Мұндай жағдайлар инвестицияда болып тұрады», – дейді ол.
2025 жылғы 1 шілдеде БЖЗҚ активтерінің көлемі 23,47 трлн теңгені құрады. Бұл қаражат әртүрлі қаржы құралдарына инвестицияланып отыр:
- ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары (МБҚ) – 10,26 трлн теңге (43,71%);
- Шетелдік МБҚ – 467,44 млрд теңге (1,99%);
- Квазимемлекеттік ұйымдардың облигациялары – 2,12 трлн теңге (9,02%);
- Банктер облигациялары – 746,98 млрд теңге (3,18%);
- Ұлттық банктің депозиттері – 301,89 млрд теңге (1,29%);
- Шетелдік басқарушы компаниялар арқылы инвестицияланатын активтер – 4,88 трлн теңге (20,82%).
2024 жылғы шілдеден 2025 жылғы маусымға дейінгі соңғы 12 ай ішінде инвестициялық табыс көлемі 2,53 трлн теңгеге жетті. Жылдық табыстылық 12,22% болды. Қазір Қазақстанда инфляция деңгейі 11,8% екенін ескерсек, зейнетақы активтерінің табыстылығы сәл жоғары.
Зейнетақы активтерінің тек 0,3%-ы ғана жекеменшік басқарушыларға сеніп тапсырылған. Соған қарамастан, олар табыстылық бойынша ҰБ-дан алда келеді.