Көлік аларда нені білу керек: кредит пе, әлде бөліп төлеу ме?

Жарияланды
Көлік алу бойынша нұсқаулық / Фото: kursiv.media

Көлік сатып алғысы келетін азаматтар алдында басты сұрақ болары анық: темір тұлпарды несиеге алған тиімді ме, әлде бөліп төлеуге ме? Бұл екі қаржылық құралдың да өз артықшылықтары мен тәуекелдері бар. Сарапшылардың пікірінше, дұрыс таңдау жасау үшін алдымен олардың ерекшеліктерін, мөлшерлемелерін, жасырын төлемдерін және қаржылық міндеттемелерін терең түсініп алу қажет.

Несие: жылдам, бірақ қымбат

Автонесие – бұл банк немесе лизингтік компания ұсынатын қаражат. Оны клиент көлік сатып алу үшін пайдаланады. 2025 жылы Қазақстандағы банктер автонесиені 4%-дан 29%-ға дейінгі жылдық тиімді мөлшерлемемен ұсынып отыр. Орта есеппен бастапқы жарна көліктің 10-30%-ын құрайды. Несие мерзімі 1 жылдан 7 жылға дейін болуы мүмкін. Мысалы, 10 млн теңгелік автокөлік үшін клиент 2-3 млн теңге бастапқы жарна төлейді және ай сайын 200-250 мың теңгеден астам төлем жасауға міндетті болады.

Автонесие артықшылығы – банк сізбен келісімшарт жасасқаннан кейін ақшаңызды бірден автосалонға аударады. Яғни, сіз көлікті толық меншіктеп аласыз, бірақ оны толық өтегенше, банкте кепілде болады. Бірақ несиенің бір кемшілігі – артық төлем. Кей жағдайларда клиент автокөліктің бағасынан 40-50%-ға дейін артық төлейді.

Жарнамасы жер жарған автосалондардағы несиелер

Көптеген автосалондардың әлеуметтік желілердегі жарнамалық жазбаларын оқығанда, жаңа автокөлікті жылдық 4% мөлшерлемемен, 10% бастапқы жарнамен несиеге рәсімдеуге болады деген ой қалыптасады. Кей жерлерде тіпті «табыс туралы анықтама қажет емес» деп көрсетілген. Алайда іс жүзінде, көбіне клиенттерге мынадай шарттар ұсынылады:

  • бастапқы жарна ретінде көлік құнының 50%-ын төлеген жағдайда 4% мөлшерлеме қолданылады;
  • 30% бастапқы жарнамен және жақсы несие тарихы бар клиенттер жылдық 10% мөлшерлемеге үміт арта алады;
  • 10% бастапқы жарнамен ұсыныстадың мөлшерлемесі жылдық 12%-дан 20-25%-ға дейін жетеді.

Автосалондағы сатушылардың айтуынша, автокөлікті жылдық 4% мөлшерлемемен несиеге алу мүмкіндігі бар, алайда бұл тек бастапқы жарнаның көлеміне ғана емес, сонымен қатар несиелендіру мерзіміне, клиенттің несие тарихына және көлік моделіне де байланысты.

Бөліп төлеу: пайызсыз, бірақ шарттары қатаң

Бөліп төлеу – жүйесі автосалондардың, дистрибьюторлардың немесе тауарды тікелей сататын компаниялардың ұсынатын қаржы құралы. Бұл жағдайда көлік бағасына пайыз қосылмайды, тек негізгі сомасы тең бөлініп, белгілі бір мерзімге бөлініп төленеді. Көп жағдайда бөліп төлеу 6-24 ай аралығында беріледі. Мысалы, 6 млн теңгелік көлікті 1,5 жылда 400 мың теңгеден төлеп алуға болады.

Бөліп төлеудің басты артықшылығы – пайызсыз төлем. Яғни, сіз тек көліктің нақты бағасын төлейсіз. Бірақ мұнда да өз шектеулері бар: мысалы, көліктердің таңдауы аз болуы мүмкін, ал төлем мерзімі қысқа болғандықтан, ай сайынғы төлем көп болуы ықтимал. Сонымен қатар бөліп төлеу кезінде клиентке толық меншік құқығы көліктің толық құнын төлегеннен кейін ғана беріліп жатады.

Қайсысы тиімді?

Егер тұрақты әрі жоғары табыс тапсаңыз және көлікке бірден иелік еткіңіз келсе ыңғайлы шешім – несие болмақ. Ал егер сіз артық төлемсіз сатып алғыңыз келсе және қысқа мерзім ішінде толық өтеуге дайын болсаңыз, бөліп төлеу тиімдірек. Сарапшылардың айтуынша, ай сайынғы табысыңыздың 30%-ынан аспайтын төлем сіздің қаржылық тұрақтылығыңызды сақтауға көмектеседі.

Мемлекеттік бағдарламалар туралы не білу керек?

Қазіргі кезде Қазақстанда жеңілдетілген автонесие бағдарламасы жалғасуда. autonesie.kz сайты арқылы жүзеге асатын бұл бағдарлама бойынша жылдық 4% мөлшерлемемен отандық көліктерге несие беріледі. Несиенің ең жоғары сомасы – 15 млн теңге, бастапқы жарна – 0-10%, 7 жылға дейінгі мерзімде. Бұл нарықтағы ең тиімді ұсыныс. Бірақ кезекте ұзақ тұруға, кейде автокөлік жетіспеушілігіне дайын болу қажет.

Көлік сатып алғанда қаржылық шешім асығыстықпен қабылданбауы тиіс. Несие де, бөліп төлеу де – белгілі бір міндеттемелерді талап етеді. Несие алу алдында оның толық құнын, пайыздық мөлшерлемесін, қосымша шығындарын нақтылап алыңыз. Бөліп төлеуге келіссеңіз – төлем тәртібін және келісімшарттағы шарттарды мұқият оқыңыз. Ең бастысы – ай сайынғы төлем сіздің отбасылық бюджетіңізге салмақ түсірмеуі керек.

Айта кететіні, 2025 жылғы І тоқсандағы жағдай бойынша елімізде автонесие нарығы айтарлықтай жандана түскен. Қазақстандықтан әр екінші көлікті автонесиеге алған. Бұған қаржы ұйымдары мен автокөлік сататын диллерлік орталықтардың бірлескен бағдарламалары ықпал еткен.

Сондай-ақ оқыңыз