Астаналық оқушының эссесі The New York Times басылымында жарияланды

Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Фариза Фазыл беделді The New York Times Open Letter Contest халықаралық байқауында әлем бойынша үздік он қатысушының қатарына кірді. Биылғы байқауға дүниежүзінің түкпір-түкпірінен он мыңға жуық қатысушы өтініш білдірген. Солардың ішінен тек 10 ашық хат әлемге танымал The New York Times басылымында жариялану мүмкіндігіне ие болды.
Фариза байқауға жолдаған хатында қазақ қоғамындағы қыз балаларға қойылатын есімдерге байланысты дәстүрді сөз еткен. Бұл тақырып оған үлкендердің әңгімелерінен, достарының тәжірибесінен және әлеуметтік желілер мен медиадағы пікірталастардан кейін ой салған. Өз басынан мұндай жағдай өтпесе де, Фариза бұл мәселені жүрегімен сезініп, терең толғаныс пен көркем тіл арқылы жеткізе білген. Оның жұмысы қазылар алқасының назарын ерекше аударды.
Бұрынғы жеңімпаздардың хаттарын оқып шыққаннан кейін, мен де өзім үшін маңызды тақырыпты көтергім келді. Қыз балаға қойылатын есім – жай ғана сөз емес, ол оның болашағына әсер етуі мүмкін дәстүрдің көрінісі. Осы жайт мені қатты ойландырды, – дейді Фариза.
Байқау шарты бойынша қатысушылар нақты бір адамға немесе топқа ашық хат жазуы тиіс болған. Бұл жанр – қоғамдағы маңызды мәселені көтеруге және оқырманды ойлануға, әрекет етуге шақыруға бағытталған. Хат тек ақпарат беріп қоймай, эмоциялық әсер қалдыруы керек.
Айта кету керек, Фариза бұған дейін де халықаралық білім сайыстарында жоғары нәтиже көрсеткен. 2025 жылы Infomatrix Asia байқауында екінші орын алса, Technovation Girls жобасында Қазақстан атынан жартылай финалист атанған.
Гуманитарлық бағыттағы жетістіктеріне қарамастан, Фариза болашағын ғылыммен, нақтырақ айтқанда – биомедициналық инженериямен байланыстырады.
Эссе, мақала жазу маған ұнайды. Бұл – ішкі жан дүниемді, шынайы толғандыратын тақырыпты еркін жеткізудің жолы. Бірақ болашақта мен ғылым арқылы нақты өзгерістер жасағым келеді, – дейді Фариза.
Еске сала кетейік, бұған дейін әлемнің алпауыт компанияларында жұмыс істейтін қазақтар туралы жазған едік.