«Астана» мен «Ақтөбе» Конференциялар лигасындағы ойындарын қайдан көруге болады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Астана – Зимбру, Ақтөбе – Спарта ойындарын қайдан көреміз / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Бүгін 24 шілде қазақстандық екі клуб «Астана» мен «Ақтөбе» UEFA Конференциялар лигасының іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчтарын өткізеді.

«Астана» – «Зимбру» (Молдова)

«Астана» командасы жаңа еуромаусымды екінші іріктеу кезеңінен бастайды. Қарсыласы молдовалық «Зимбру» клубы. Кишинев ұжымы өз елінің чемпионатында үшінші орын иеленген.

Алғашқы матч «Астана Аренада» сағат 19:00-де басталады. Qazsport арнасы тікелей эфирде көрсетеді. Ал қарымта кездесу келесі аптада Кишиневте, 22:00-де өтпек.

Бұл қос команданың алғашқы ресми кездесуі болмақ. Қазіргі таңда «Астана» ҚПЛ турнирлік кестесінде 40 ұпаймен көш бастап тұр (18 турдан кейін), ал «Зимбру» Молдова чемпионатының бес турынан кейін 7 ұпаймен төртінші орында.

Бұл жұптағы жеңімпаз келесі кезеңде Скопьенің «Вардары» (Солтүстік Македония) мен Швейцарияның «Лозаннасы» арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі. Жеңілген команда еуромаусымдағы жорығын аяқтайды.

«Ақтөбе» – «Спарта» (Чехия)

«Ақтөбе» клубы алғашқыда Еуропа лигасының іріктеуіне қатысып, Польшаның «Легиясына» екі ойында да 0:1 есебімен есе жіберді. Енді ақтөбеліктер Конференциялар лигасына ауысып, Праганың «Спартасымен» ойнайды.

Бірінші матч Ақтөбедегі «Қобыланды батыр» атындағы стадионда, 21:00-де басталады. Қарымта кездесу бір аптадан соң Прагада, 23:00-де өтеді (Қазақстан уақыты бойынша).

ҚПЛ-да «Ақтөбе» 17 турдан кейін 33 ұпаймен төртінші орында. Чехия чемпионаты енді ғана басталды, «Спарта» бірінші турда «Яблонецпен» 1:1 есебімен тең түсті.

Екі матчты да Qazsport арнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыз